lat: DASTAN
эпикалық дәстүрдің аясында шамамен ХVІІІ-ХІХ ғ.-да қалыптасқан өзіндік поэтикалық, сюжеттік және желістік қасиеттерімен дараланатын ерекше фольклорлық жанр. Зерттеушілер қазақы эпикалық ортада дастаншылық дәстүрдің қалыптасуына шығыстың мәдени әсері, әсіресе, ирандық поэзияның ықпалы айырықша болғандығын айтады. Алайда, көшпелі этномәдени ортада шығыстық дастанның желісі де, оқиғалық-сюжеттік құрылымы да этникалық өңдеуге түсті. Яғни жаңа этникалық реңкке ие болды. Тіпті, «таза» деген шығыстық сюжеттер мен мотивтердің өрбітілуінің түбегейлі «қазақылануын» аңғаруға болады. Яғни дастандардағы кейіпкерлердің – сан алуан шытырман іс-әрекеттерге құрылған сюжеттердің, оқиғалардың субъектілерінің арасындағы байланыстардың бейнеленуі көшпелі ортадағы ежелден қалыптасқан әлеуметтік қатынастардың іргелі категорияларының, ұғымдары мен принциптерінің фольклорланған проекциясы іспеттес. Мұндай сырттан енген мәдени артекфактілердің жаңа әлеуметтік ортаның талғамына сәйкес этникалық түрленіске түсу үрдісін этнологиядан белгілі этностену принципімен (принцип этнизации) түсіндіруге болады. Фольклортанушылар қазақ дастандарын проблемалық-тақырыптық принцип бойынша төмендегідей категорияларға жіктейді: а) қаһармандық дастан; ә) ғашықтық немесе романдық дастан; б) хикаялық дастан; в) діни дастан; г) әлеуметтік-сүйіспеншілік дастан және ғ) ертегілік дастандар. Дәстүрлі қазақы ортада дастанды айтуға машықтанған адамдар болды. Олар дастаншылар деп аталды. Көбінесе дастаншылық міндетті жыршылар немесе жыраулар да атқара беретін. Басқа да фольклорлық жанрлардағы сияқты дастандарда да ізгілік, адалдық, ерлік, батыршылық, еңбекқорлық, махаббат мәселелері негізгі сюжеттік және мотивтік желіс болды. Бірақ, дастандардағы оқиғаның, сюжеттің өрбітілуі мен шешімі ежелден қалыптасқан классикалық фольлорлық желістегідей әдеттегі қалыппен емес, еркін қисынға құрылады. Тағы бір ерекше екшеп айтар нәрсе – дастандық оқиғалардың дені әсірелеу әдісімен емес, дәстүрлі ортадағы сан алуан әлеуметтік шындықтың негізінде суреттелінеді. Қазақ дастандарының көшпелі ортадағы ұрпақаралық этникалық байланыс пен сабақтастықты қамтамасыз ететін механизмнің ең маңызды элементтерінің бірі ретінде қарастыруға болады.