Француз ойшылы Ж.Деррида ұсынған ұғым, постструктурализм заманының сыни-философиялық ұстанымы. Оның өзгешелігі — егер модернизм кезеңінде сын дәстүрді құлату, жою, күйрету құралы болса, деконструкция сынаса да сын объектісін жоюға тырыспайды. Керісінше, оның бүгешігесіне жетіп, қайта тірілтуге бейім болады. Әрине, тірілткенде, ол шартты түрде тірілтеді. Бірақ постструктурализмнің ең үлкен жеңісі — ойлау процесінің шарттылығын ұғыну, метафизикадан бас тарту. Егер Платоннан бері нақты дүние идеялар әлемінің көшірмесі деп саналса, қазір бұл байланыс жоққа шығарылып, ойлау дегеніміз — таңбалау әрекеті деп әйгіленеді. Демек, зерттеушінің мақсаты — әр ғасырдағы әр қоғамның, әр өркениеттің, әр автордың таңбалау ерекшелігін айқындау. Міне, деконструкция дегеніміз — осындай айқындаудың құралы. Әдетте, деконструкция объектісі ретінде метафизикалық жүйелер, философиялық дискурстар көрінеді. Деррида деконструкция мақсатын төмендегідей түсіндіреді: “философиялық мәтінді оның формалық құрылымында зерттеу, оның мәтінді типтерінің өзгешелігін және көпнұсқалығын көрсету, философиялық мәтіннің сахналық кеңістігін, оның синтаксисін ұғыну”. Деконструкциядағы жалпы даму екі негізгі әрекетке байланысты. Бірінші әрекет — айналдыру, екіншісі — қайта тірілту. Айналдыру — аттап өтуге болмайтын әрекет, себебі бинарлық оппозицияның күшін жою дегеніміз тек қана оппозиция мүшелерінің орнын ауыстыру емес. Олай істегенде, деконструкция жасалатын аймақ қозғалусыз қалады.