ДЕТЕРМИНИЗМ

lat: DETERMINIZM

тұрмыс құбылыстарының жалпыға ортақ себепті-салдарлы анықтылығы жөніндегі ілім. Детерминизм идеясы ежелгі дүниеде пайда болып, одан бергі барлық жаратылыстанулық-ғылыми және философиялық оймен бірге келеді. Демокрит барлық нәрсе қажеттіліктен туындайды, осыны себептілік деп есептеді. Аристотель себептіліктің төрт түрін анықтады: ресми, материалдық, қозғалысты, мақсатты. Еуропалық жаратылыстанулықғылыми және философиялық ой (Ф. Бэкон, Г. Галилей, Р. Декарт, И. Ньютон, Б. Спиноза және т.б.) детерминизм тұжырымын одан әрі дамытуға септігін тигізді. Осы кезде классикалық механика жетістіктерінің ықпалымен механиқалық детерминизм тұжырымы қалыптасты, оның мәнін Лаплас былай түсіндірді: егер дәл қазір табиғат тылсым күшінің қолданылар нүктелері жайлы бәрін білетін ақыл болса, онда ол әлемнің өткені мен болашағы туралы да білер еді. Детерминизмнің екі негізгі түрі бар : 1) қатаң детерминизм; 2) жұмсақ немесе бірлескен детерминизм. Қатаң детерминизм оқиғалардың барлығы да олардың себебі тудырған салдары, яғни, барлық оқиғалар алдында болған жағдайлардан шығады. Осылайша, осы шақтағы және болашақтағы оқиғалар еткендегі оқиғалардай тұрақты әрі өзгермейді. Бұл көзқарастың шеңберінде моральдық жауапкершілік жоқ, өйткені ол субъектінің еркін еркіне негізделген, ал қатаң детерминизм еркін іс-әрекеттің болуын жоққа шығарады. Жұмсақ детерминизм детерминизмді ерік еркіндігімен үйлестіріп қарастыратын көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда еркін іс-әрекет моральды жауапкершілікті жүзеге асыратын себептіліктің бір түрі болып табылады.