ДОМИНАНТА

lat: DOMINANTA

(лат. dominans қаз. үстемдік ету) деген мағынаны білдіреді. Өзекті қажеттілікпен немесе зейіннің үстемділігімен адамның миында өктемдік ететін қозу ошағы. Мидың көршілес аумағындағы әлсіз қозуларды тартып күшеюге қабілеттілігі. Доминанта жүйке орталығының негізгі заңдылығының бірі. Қозған орталықтың басқа алаптағылардан да күшейіп кетуін үстемділік (доминанта) заңы деп атайды. Доминанта түсінігін және оның қасиетін А.А.Ухтомский (1875-1942) жылы ашып, ғылымға (1923) енгізген. Доминанта теориясы адам мінез-құлығының басқа да қажеттіліктерінің пайда болуының физиологиялық негізін ғылыми тұрғыдан түсінуге мүмкіндік береді.

Сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға көбірек әсер етеді де, мидың бір алабын қаттырақ, күштірек қоздырады, осындай алапты доминанта деп атаған. Мидың осы күшті қозғыш алабы қалған алаптардағы әлсіз қозу үрдістерін өзіне тартады. Осыдан мидың күшті қозған алабы онан бетер күшейеді. Мәселен, қызық кітапқа беріле оқығанда адамға кейбір бөгде тітіркендіргіштердің бөгет жасамайтыны, қайта олардың біздің ойымыздың күшеюіне жәрдемдесетіні байқалады.

Сондықтан адам санасын (зейінін) бағыттап, шоғырландырып кітап оқыған кезде қасындағы бөгде тітіркендіргіштерден (мысалы, сағаттың тықылы, соғуы секілді) қашпауы керек. Бұл біздің басқа нәрсеге көңіл аудармай үңіліп отырған әрекетімізге мейлінше беріле түсуімізге жәрдемдеседі. Өйткені жоғарыда айтылғандай мидағы басыңқы қозу әлсіз тітіркендіргіштерден болған қозуларды өзіне тартып, солардың есебінен күшейетіні зерттеулер негізінде дәлелденген. А.А.Ухтомскийдің доминанта теориясының мәнін И.П.Павловтың «Қозудың оптималдық алабы» деп аталатын тұжырымы онан сайын толықтыра түседі.