ДЫМ

lat: DYM

е с і м. 1. Ештеңе, дәнеме, еш нәрсе де. Егер Лебедев жасағы аттарынан түсіп, ыңғайлы жерге орналасып соғыс ашса, Иман мен Жанайдар д ы м да істей алмас еді (І.Есенберлин, Қаһар). Ымды білмеген, д ы м д ы білмес (Мақал). Орыс бұл арада көбірек көрінеді. Сөйлеген сөздерінен д ы м да түсінбеймін (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.). 2. Еш, ешбір, ешқандай. Сіз оқып жүргенде аңқау едіңіз, әлі сол қалпыңыз, дым өзгермепсіз (Ж.Нәжімеденов, Аспан шақырады). 3. Біржола, мүлдем. Ұшып келеді. Екі құлағы д ы м біткен. Көзі де ештеңе бағдарлар емес (С.Сарғасқаев, Біз төртеу.). Кәрібай д ы м қоя қойды (Ғ.Мұстафин, Шығанақ). Сібір өзендеріндегі суда д ы м салмақ қалмайды. Сосын оны осында шелек-шелегімен тартып ала бер (А.Марқабаев, Арал әуендері).