Дегазация пункті

lat: Degazasıaá pýnkti

газдан тазарту пункті уланған және дегазацияланған заттар қойылатын қоймалар, оларды жуып тазалайтын пункттер, дегазациялық машиналар орналасқан алаң. Дегазация пункті бөлімдер мен бөлімшелерден келген киім-кешектерді, аяқ киімдерді, қару-жарақтарды, қорғаныс саймандарын дегазациялауға және дезинфекниялауға арналады. Дегазация пункті әдетте елді мекеннен аулағырақ, суға жақын орналасады. Дегазация жасалатын алаң екіге бөлінеді. Бір бөлігіне «уланған» деген белгі қойылады. Бұл жерге уланған заттар әкелінеді, олар сортталып, дегазациялауға дайындалады. Екінші таза бөлігінде су, таза киім-кешек және дегазацияланған заттар қойылатын қоймалар болады. Бұл алаңға келгендер алдымен киім-кешек, аяқ киім, қару-жарақтарын шешіп, оларды буып, дегазациялау үшін арнаулы жерге өткізеді. Осы жерге барлық құжаттар мен заттар тапсырылады. Жуынатын жерде сабын және жөке беріледі, бактериялы заттармен уланғанда 2 процентті монохлорамин ерітіндісімен қолын, мойнын жуып, противогазын шешеді. Әрбір душ торына екі адам орналасады - бірі сабын сүйкегенде, екіншісі сумен шайынады. Әрбір адамға 30 г сабын, 38-40 градусқа ысытылған 30-35 л су жұмсалады. Шешінетін бөлмеде әскерлер таза киім-кешек, аяқ киім, қару-жарақ және өткізген құжаттары мен меншікті заттарын алады. Қаруды, әскери техниканы, киім-кешекті, транспортты және жерді дегазациялауға дегазация машиналары қолданылады.