Дели

lat: Delı

е т і с т і к. 1. Делдию, тікірею. Балаға бұдан артық не керек. Ол соған бөркі қазандай болып, д е л и е береді. Өзіне арнап кішкене қалмақ ер әперді (Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл). Теке қапталына мойнын бұрып алып танауы д е л и і п қарғып-қарғып шабады. Қасқырдың ырс-ырс тынысын естиді (С.Елубаев, Ойсыл қара). Қонысбайдың сол жағында танауы д е л и г е н сойталдай бір бейтаныс қара бала отыр (Т.Бердияров, Солдат.). 2. Далию, дал болу, мең-зең болу. Қалды лезде д е л и і п шіркін пасық, Ағызып арам қанын аузын ашып, Кептерді қоя беріп мыжырайды, - Әлгі де қодиланған арам сасық (С.Сейфуллин, Өлеңд.). Өйткені Қалиманың сырын білмейтін бұл өлкеде бір адам жоқ. Не істерін білмей, д е л и і п тұрған Қалиманы Қазыкенің көзі шалды (Б.Тұрсынбаев, Айнымас.).