Деме

lat: Deme

е т і с т і к. 1. Отты қағыстыру, көсеу, ысуын күшейту. Қат-қат түсірілген шойын мартен пешіне лық толтырылды. Мұның өзі қызыл жалынның өзегін д е м е п, тынысын ашып жібергендей болды («Лен. жас»). Самауырды қазан аспақасына апарып жаңадан көмір, жаңқа салып, қайта д е м е п қойды (М.Әуезов, Өскен өркен). 2. Сүйемелдеу, жәрдемдесу. Қарияны қолтығынан д е м е й шығып, аттандырғанда, жаңағы батасына күлімсірей тұрып жауап қайырды (Е.Мұстафин, Көз көрген). Осы кезде Балжан д е м е п жіберді-ау деймін, орнымнан қалай тұрғанымды білмей қалдым (Б.Тоғысбаев, Алдыңғы.). Алыптығым - түйедей, Қаралығым - күйедей. Көтеремін ауырды Ешкім д е м е п сүйемей (Ә.Тәжібаев, Шығ.). 3. а у ы с п а л ы м а ғ ы н а. Қостау, қолдау. Ия, айта бер деп д е м е й бас изеп қойды секретарь, мүдіріп қалған Сәлимаға (А.Нұрманов, Аққу.). Айсалқыным ақылды екен. Жаныңа терең үңіліп, д е м е п жіберген достан айналып кетесің ғой (І.Жақанов, Қайта орал.). Үшеуміздің ішіміздегі, Ең үлкені тек мен едім. Ер жеткенше мен оларды, тәрбиелеп көп д е м е д і м (А.Жұмағалиев, Өшп. жалын.).