Дезактивация

lat: Dezaktıvasıaá

әскерлерді радиоактивтік заттардың әсерінен (зақымынан) сақтау мақсатымен қару-жарақтардан, киім-кешектерден, азық-түліктерден, судан, қорғаныс бекіністерінен және т.б. уланған объектілерден радиоактивті заттарды кетіріп, қауіпсіздік дәрежеге жеткізу. Дезактивация механикалық және химиялық тәсілмен жүргізіледі. Механикалық тәсіл жарым-жартылай дезактивациялаған кезде қолданылады. Механикалық тәсілмен дезактивациялау уланған аудандарда немесе одан жаңа ғана шыққан бөлімдердің өзінде жүргізіледі. Бұл жағдайда уланған объектілердегі әскерлер болатын жерлердегі радиоактивтік заттар жойылады, ал қару-жарақ түгелдей дезактивацияланады. Механикалық тәсіл мынадай жолдармен жүргізіледі: уланған қару-жарақтар мен әскери техникаларды жуу немесе сүрту, уланған бөлшектерді дезактивациялаушы затқа малынған шүберектермен, кендірмен сүрту, уланған киім-кешектерді қағу, щеткамен тазалау, уланған жердің, қардың, азық-түліктердің бет жағын алып тас-тау және т.б. Химиялық тәсіл толық дезактивация жүргізгенде қолданылады. Бұл тәсіл зақымданған жерлердегі радиоактивті заттардың қауіптілігін жояды. Дезактивациялауға СФ-2 немесе СФ-24 ұнтақтарының судағы ерітінділері қолданылады. Толық дезактивация тек қана уланбаған аудандарда бөлімшелердің өзінде немесе арнаулы пункттерде лауазымы үлкен командирдің үйғаруымен ұрыс аяқталған соң немесе ұрыс толастаған кезде жүргізіледі. Дезактивациялаушы заттар материалдар мен техникалық құралдар болып екі топқа бөлінеді. Материалдарға: су, топырақ, құм, дезактивациялаушы ерітінділер, құрамында жуғыш қасиеті бар заттар, ерітінділер және т.б. жатады. Дезактивациялаушы техникалық құралдарға автодегазация машиналары, автоматты су құйғыш станциялар, грейдерлер, бульдозерлер, қар тазалағыш, өрт сөндіргіш машиналар, ауыл шаруашылығындағы соқалар, тырмалар және т.б. жатады.