Домбыра күйлері

lat: Dombyra kúıleri

Күйді табиғатына қарай төкпе күйлер мен шертпе күйлер деп бөледі. Төкпе күйлер екпінді, қарқынды болып келеді. Ол қазақ жерінің батыс аумағында кеңінен таралған. Ал, ой-мұңға, сырлы лирикаға толы шертпе күйлердің таралым ауқымы едәуір кеңірек. Ол Арқа, Қаратау, Алтай, Жетісу өңірлеріне тән.                                                                                                            Күйші күйдің шығуына себеп болған оқиғаны, аңыз-әңгімені жалпы жұртқа түсінікті саз тілінде баяндап береді. Білікті тыңдаушыға күй тек қана әуен, саз емес, өмір құбылыстары туралы да дерек болып табылады. Дәстүрлі таным-түсінік бойынша, күй өткен өмірдің тілсіз шежіресі. «Күй түсінгенге жыр, түсінбегенге дыр» деп келетін халық мәтелі осындай себептерден айтылса керек. Яғни, қазақтың бұрынғы дәстүрлі тыңдаушысы күйдің сарыны мен сазына ғана елтіп қоймаған, іштей сол әуеннің мәнін ашатын сөздің емеурін-ырғағын да тап басып тани білген. Сонымен бірге кейбір күйшілер күйдің басында ғана емес, күй әуенін кідірте тұрып, аңыздың желісін жалғастырып баяндап отыруы күйге ерекше тарихилық сипат берді. Сондықтан, күйші өз елінің тарихынан хабары мол, әрі өткені мен бүгініне терең талдау жасай алатын зерделі де адам болды.                                                                                  Қазақта күйшілік өнерінің өзіне тән ерекшеліктері қалыптаса келіп, кейінірек белгілі бір өлкеге тән дәстүрлі мектептері пайда болды. Ол жөнінде музыка зерттеушілері күйшілік дәстүрінің мектептерін 5-ке, 8-ге бөліп көрсетеді. Олардың негізгі бөліністері төмендегідей болып келеді: Орталық және Солтүстік өңіріне тән күйшілік дәстүрі; Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрі; Оңтүстік және Жетісу күйшілік дәстүрі; Сыр өңірінің күйшілік дәстүрі; Батыс өңірін қамтитын күйшілік дәстүрі.