ЕҢІС

lat: EŃİS

з а т. 1. Жотаның, өрдің түсе берісі, ылди жері, еңістік.

Төңірегін ақ селеу басқан шоқ жүзгеннің түбінен бұлаң етіп құмның қызыл түлкісі қиғаштап, еңіске қарай ұра жөнелді (С.Бақбергенов, Қарға там.).

Жарыс жолы ойлы-қырлы.

Еңіске самғағанмен, қырға келгенде тыпырлап қаласың (С.Сарғасқаев, Көңілді бала.).

Жақсылықтың алды - өр, жамандықтың алды - еңісақал).

Асқақ Алатаудың бауырынан еңіске   қарай еркелей ағып, орта белде бір арнада тоғысқан қос өзен - Қасқасу мен Сайрамсу сүйсіне қараған сырт көзге қыздың өрген қос бұрымы сияқты сұлу көрінеді («Қаз. әдеб.»).

Гүл іздедім өрімнен, еңісімнен ,

Қарыздармын қалама демі сіңген.

Алматыға әкелген арман жолға,

Алғыс айтып жүремін мен ішімнен (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

2. Жазық, ойпаң жер, егістік.

Бұл күндері облыстың өрісі малға толса, шексіз қиыры - шабындық, еңісі - мол егіндік («Қаз. әдеб.»).

Бір шеті Бесағаш, бір шеті Егінсай жазығымен жалғасатын жалпақ еңіске   егін салған (Ж.Молдағалиев, Жүрек).

Қарт Қаратаудың еңісін жайлаған елді халық Созақ ауданы немесе Теріскей деп таниды. Ұлт тарихын ұмыттыруды көздеген кеңестік кезеңде атақты Созақ көтерілісін көлденең тартқандар Теріскейдегі елге сұқ саусағын шошайтып, салқын қабақ танытты («Жас Алаш»).

Оның анау, еңістегі аталастарының арасына кіріп, бойын жылытуға аңсары ауса да, қозғалуға қауқары келмеді әрі тағдырына көндігіп қалған жайы бар. Мына табын оған жат, осыдан екі күн бұрын бөлінген бауыр үйірінен әлі күдерін үзбеген («Қаз. әдеб.»).