Адамның өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін табиғат заттарының түрін өзгертуге және оларды өз қажетіне бейімдеуге бағытталған мақсатқа сай істелетін қызметі, қоғамның өмір сүруінің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік табиғи шарты. Еңбек адамның өзін де қалыптастырады. Адам еңбегі жұмсалған немесе бағытталған нәрсенің бәрі еңбек заттары деп аталады. Еңбек құрал-жабдығының көмегімен адам өзінің еңбек заттарына ықпал етеді. Еңбек құрал-жабдығының жиынтығы өндіріс құрал-жабдығын құрайды. Еңбек процесі басталуы үшін өндіріс құрал-жабдығын жұмыс күшімен қосып, біріктіру керек. Ал жұмыс күші дегеніміз адамның еңбекке деген қабілеті және рухани күштерінің жиынтығы, адам соның нәтижесінде материалдық және рухани игіліктерді өндіреді, оларды өз игілігіне пайдалануға жаратады. Жұмыс күші өндірістің белсенді бөлігі, ол өндіріс құрал-жабдығын жасап, қимылға келтіреді немесе іске қосады, жұмыс істетеді. Еңбек адамдардың сыртқы ортаға бейімделуінің тарихи процесі. Олай болса, еңбектің бөлінісі, оның құрал-жабдықтары үнемі дамып, жетілдіріліп отырады.