lat: EŃBEK
з а т. 1. Адамның өз қажетін қанағаттандыруға бағытталган қаракеті, жұмыс, іс.
Шабытым сен болмасаң келер ме еді,
Қаламым сенсіз ағып желер ме еді,
Алаңсыз орын теуіп отырмасам,
Еңбегім өрге жүзіп өнер ме еді (М.Дулатов, Шығ.).
Еңбек – өлім, жан қанатын қиятын,
Еңбек – өлім, жанды ашудан тиятын.
Еңбек деген – еңбектеген мылқау дию,
Жаншып жанның сұлу сынын жоятын (М.Жұмабаев, Шығ.).
Біз осындай еңбегімен даңқ, беделге ие болған бригаданы көруге, ондағы еңбекқор адамдардың хал-жайымен танысуға асықтық (С.Шаймерденов, Мінез.).
Бар өмірін еңбекпен өткізіп келе жатқан Шарипа қайырым тілеп кісі алдына барып көрген жан емес (Ө.Қанахин, Мұрагер).
Ердің атын еңбек шығарар (Мақал).
Еңбегіне қарай өнбегі (Мақал).
2. ф и л о с. Тіршілікке қажетті нәрселер өндіру мақсатымен адамның табиғатқа әсер етуі.
Еңбек дегеніміз – адамның табиғат заттарын құралдың көмегімен өзгерту жөніндегі жоспарлы қызметі (Марксистік филос.).
3. Біреуге, қоғамға, Отанға көрсеткен жақсылық, қызмет.
Дүние аямай төгіп-шашып оқытқан балам еңбегімді ақтады (С.Адамбеков, Қожанасыр.).
Жауынгер жақсы еңбегі үшін командирдің жылы лебізін естуге тиіс, - деді Панфилов (Б.Момышұлы, Біздің генерал).
Анығында Мақпалдың өз еңбегі үшін тигені осы үш саулық еді (М.Әуезов, Таңд. Шығ.).
4. Мақсат, мазмұн жағынан жаңа құрылымды танытатын материалдық, мәдени игілік, шығарма, шығармашылық.
Шоқан өз еңбектерінде ең алдымен ұлттық мәселелерді алға қоюға тырысты (М.Ақынжанов, Қаз. ағартушы.).
Атақты ғалым И.П.Павлов 80 жасында өзінің белгілі «Жоғары нерв жүйесі» жөніндегі еңбегін жазды (Ғалам ғажап.).
Ф. Энгельс Дарвиннің «Түрлердің тегі» деген еңбегін жарыққа шыққаннан соң бірнеше күннен кейін оқып шығып, К. Маркске жазған хатында оны сүйсіне мақтайды (Жалпы биология).
Қазақ өнерінің қара шаңырағы Әуезов театры егемендік алған тұста, яғни 1992 жылы Нәбиден Әбутәлиевтің бұрынғы жазған еңбектерінің ізімен «Өттің дүние» атты пьесаны жарыққа шығарды («Жас Алаш»).
5. к ө н е. Бейнет, мехнат.
Қайтып жаның ашымас?
Неткен заман қатыбас?
Еткен еңбек, төккен тер
Қалай түкке татымас? (Жамбыл, Шығ.).