ЭГОЦЕНТРИЗМ

lat: EGOSENTRIZM

айналадағы болып жатқандарды ескермей, адамның зейіні мен ойлауын тек өзіне ғана бағыттауы, арнауы.

Эгоцентризм (лат. ego мен, centrum шеңбер центрі) өз мүдделерін ғана дітгеген индивидтің тіпті ақпарат өз тәжірибесіне қарама-қарсы келіп тұрғанда да қайсыбір объектіге, пікірге не түсінікке қатысты өзінің бастапқы танымдық ұстанымын өзгерте алмаушылығы.

Эгоцентризмнің түпкі негізі субъектінің басқадай, қарама-қарсы көзқарас болуы мүмкін екендігін түсінбеуі, басқа адамдардың психологиялық ұйымдастырылуы өзінікіне барабар деген имплицитгік сенімділігі болып табылады. Эгоцентризмнен арылту децентрацияға деген қабілеттілікті біртіндеп дамыту арқылы жүзеге асырылады. Эгоцентризм балалық кезеңінде неғұрлым айқын көрініп, негізінен 12-14 жасқа қарай қалады. Эгоцентризмнің біршама күшеюі қартайғанда да байқалады.

Нақты зерттеулерде эгоцентризмнің әрқилы түрлері сараланады:

1) қабылдау және ойлау процестерімен сипатталатын танымдық эгоцентризм;

2) өзінен басқалардың моральдық іс-қимылы мен қылықтарының негіздерін ұғына алмаушылықты көрсететін моральдық эгоцентризм;

3) субъектінің басқа адамдарға ақпарат беруі кезінде тезаурустардың, ұғымдардың мағыналық толымдығын және т.б. елемеушіліктен көрінетін коммуникативтік эгоцентризм.

Бұл салалардың әрқайсысында эгоцентризмнен арылуды бір-бірінен тәуелсіз тұрғыда жүзеге асыруға болады.