ЭКСПРЕССИЯ

lat: EKSPRESSIaÁ

(лат. expressio біліну, көріну) адамның вербалды емес жолмен өзінің ішкі күйін немесе ішкі әлеміндегі ақпаратты басқа адамдарға болмысынан немесе үйреніп алған қимыл-қозғалыстар (мимика, пантомимика, жестілер) арқылы жеткізетін жүйе. Экспрессия көрнектілік; сезімнің, күйініш-сүйініштің көріну күші. Экспрессиялық реакциялар адамның эмоциялары мен сезімдерінің сыртқы көрінісі (мимикада, пантомимикада, дауыста, ишарада) болып табылады. Экспрессияның зерттелу тарихын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең үшін Аристотельдің, Гиппократтың ілімдерінде негізі бар дәстүрлерді ұстану тән; бұл кезең физиогаомика туралы ілімнің жасалуымен аяқталып, XIX ғасырдың ортасына жеткенде ғылыми түрғыдан қисынсыз болып шықты. Екінші кезеңнің басталуы Ч. Дарвиннің еңбектерімен басталады. Ол білдіру қимылдарының бейімделу механизмдерінің бірі ретінде пайда болғаны туралы және эмоцияны білдірудің адам мен жануарлардағы филогенетикалық ортақтығы туралы болжам ұсынды. Экспрессия адамда генетикалық тұрғыдан болғанымен, әлеуметтік нормаларға орай үйрену процесіне байланысты. Бұл орайда белгілі бір эмоциямен ешқандай “табиғи” байланысы жоқ эмоциялық нысандар пайда болуы мүмкін. Белгілі бір мәдениетке қатысты адамдарда эмоция нысандары біршама ұқсас болады. Эмоцияның әртүрлі мәдениеттер адамдарына ұғынықты әмбебап нысандары да, белгілі бір мәдениет шеңберінде ғана түсінілетін нысандары да болады. Мыс., көз жасы қайғы мен уайымның белгісі ретінде әмбебап дерлік, алайда бұл реакцияның нысаны (қашан, қалай және қаншалықты ұзақ жинау керектігі) мәдениет нормаларына байланысты. Экспрессияның адамдар арасындағы қарым-қатынас сипатына елеулі ықпалы болады. Эмоцияның басы артық не жеткіліксіз болуы, оның нақты жағдайға сәйкессіздігі адамның қарым-қатынастарындағы кикілжіңдердің себебі болуы әбден мүмкін.