(лат. expromtus–дайын, әзір)–ақынның ешқандай дайындықсыз, ұшқыр ойынан туған ауызша немесе жазбаша аз көлемдегі өлең. Бұл өлеңдер әзіл-қалжың мағынасында кездеседі. Көлемді, ұзақ айтылған өлең-жырды суырып салып (импровизация) шығару мен тұтқиылдан бірнеше шумақ өлеңді төгілтіп, экспромт үлгісінде айтып жіберу – бұлар түп-тамыры бір, екеуі де қуатты ақындық шабыттың көрінісі. Ал мұндағы, экспромт деген ұғым – жарқ еткен бір ойды ықшам түрде өлеңмен айту болса, суырып салып айту (импровизация)–көлемді өлең-жырларды түгелдей табан астында бірден жанынан шығарып айту шеберлігі. Қазақ әдебиетінде үлкен орын алған ақындар айтысына осындай ұзаққа сермейтін суырып салма өнері тән дей отырып, кейде арасында жарқ етіп көрінетін ұтымды шумақтарды экспромт тәсілімен айтылған деп те қарауға болады. Қалай айтсақ та, экспромт өлең суырып салып айтуға негізделеді, оны импровизацияның бір сәті деуге болады. Әбсеметов М.