lat: ELÝ
с а н. Қырық тоғыз бен елу бірдің арасындағы есептік сан; жүздің жарымы, бес он; 50 санының атауы.
Миллион шырпыны (күкіртті) ұштастырып тіресек, ұзындығы елу шақырымдай шоқ болады. Шаштың бір түгі милион рет жуандаса - жуандығы алпыс құлаш бағана болады. Ахметтің екінші жылдық «Тіл-құралы» 120 бет болмай, милион бет болса, қалыңдығы елу шақырым кітап болады (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).
1738-інші жылы сүмбіленің ішінде Әбілқайыр ханмен бірге бағынуға ант беріп, қол қойған елу алты кісі мына рулардан: 17 кісі – арғын, 7 адам – найман, 4 адам – қыпшақ, 2 адам- тама, 10 адам - табын, 3 адам-жағалбайлы, 1 адам - кердері, 4 адам - алаша, 2 адам - байбақты, 2 адам - жаппас, 2 адам - масқар, 1 адам-шөмекей, 1 адам - кете (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).
Ұзыны да, көлденеңі де елу шақырым қалың орманның іші толған партизан (З.Ақышев, Ақбел.).
// Елу жас.
Елуге келген, шашы бурыл тартқан,
Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.
Жүріс-тұрыс сүйтсе де жас жігіттей,
Қуатына жарамас шал деп айтқан (Абай, Тол. жин.).
Біздің Темекең сол жылы елуге келген-ді (І.Есенберлин, Алтын.).
Елуде інілерге шал атанып,
Риза боп елжірейсің сәлемдессе,
«Шал» аты жүз келсе де айырылмайды,
Шараң жоқ, қара жерге енді енбеске (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Еңсеңе әлі-ақ бір күн мінеді елу ,
Қазанның қара түнек бұлтындай-ақ (О.Шораяқов, Шайыр).
Елуге келген шақта қатын дейді,
Онан соң кемпір келе жатыр дейді.
Ер-әйел төрт кезеңмен аяқтайды,
Қара жер табандағы ақыр жейді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).