ЕЛЕГІЗ

lat: ELEGİZ

е т. 1. Жалғызсырап қорқу, жан- жағына қарау, құлақ тұру.

Ауыл сыртынан ат дүбірі естілді. Үйдегілер елегізіп, есікке қарап қалыпты (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).

Шөпті сыбдырлатып торғай ұшса да, тоғай ішін тартып уілдесе де, тау үкісі таңдайын қақса да, Ақбілек жан-жағынан жау қамап келе жатқандай елегізіп, қымтырыла береді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Бұрын поезд дегенге ешбір мән бермеуші еді. Бүгін, міне, паровоз үні шықса болды, елегізи қалады (З.Қабдолов, Жалын).

Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы.

Көңілдің іріп кетті бал қаймағы,

Кегі кеткен жандайын әлдекімге,

Іш өртеніп, қайнайды қан бойдағы (М.Мақатаев, Шығ.).

2. Бір нәрсеге алаң болу, көңілі бөліну.

Елде жүргенде Махмұт бойын күтіп, тағы тыныш жата алмайды, елдегі неше түрлі қиянат, жолсыз істермен күреседі. Елде елегізіп  тұра алмайды (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Елеңдейтін, елегізитін еш нәрсе жоқ, тым-тырыс (З.Ақышев, Ақбел.).

Ұзақ түн тыншымды алды маза бермей,

Төңбекшіп, елегіздім ұйқы келмей.

Қашқындық қасіретін алға тартты,

Бір дүбір алыс жақтан естілгендей (Қ.Жармағамбетов, Баллада.).

Ұйықтатпадың-ау, бұлбұл құс, түнімен сайрап,

Елтимін әлі тәтті әнге мен деген бейбақ.

Елегізимін де жатамын ертеңді күтіп,

Өткен бір қызық шақтарды есіме кейде ап (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

3. Жалғызсырау, іші пысу, құлазу.

- Гүлсім-ау, сені маған құдай екем айдап әкелді ғой. Жалғыз өзім елегізіп, үйге сыймай жүр едім (С.Алдабергенов, Асу.).

Мен үй ішін шолып, «Жапан далада екеуден- екеу қалай е л елегізбей  отырады екен» деген ойға баттым (Н.Сералиев, Қаңтар).

Нина тұрмысқа шыққалы қарындасы Валя да елегізіп, жалғызсырап үйге тұруды қойған-ды (М.Сатыбалдиев, Жартас.).

4. Үрейлену, шошу; қауіптену.

Қаламұш үйге кіргесін бойы жылып, денесі жазылса да ас батпады. Әлде бір жаманат хабар күткендей елегізіп  апасына қарай берді (Т.Ахтанов, Боран).

Босаға жақта автоматын тазалап отырған Ефремов ілесе шығып: - Адасқан снаряд болар, елегізбеңіз ! - деді (К.Тоқаев, Көмескі із.).

Қаншайым ұрлық істеген адамша елегізи бастады. Өмірбай келіп қала ма? Көршілер білсе не демек? Масқара-ай! (Ш.Құмарова, Қос шынар).

5. а у ы с. Елеңдеу, аңсау, сағыну.

Қорқып едік бұл жаққа беттегенде,

Кететіндей азайып от денеңде.

Ішіп-жеуге үйренген қазақпыз ғой,

Елегізіп тұрамын ет дегенде (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).