ЭЛИТА ТЕОРИЯСЫ

lat: ELITA TeorıaSY

қоғамның игі бекзаттарының ерекше міндеті, әлеуметтік-саяси және интеллектуалдық белсенділігі және қалың бұқараның енжарлығы туралы теориялар. Негіздерінің қалану тәсілдеріне байланысты ажыратылады. Биологиялық теорияларда биологиялық-генетикалық белгілеріне байланысты (Р.Уильямс, Э.Богардус) адамдарды аса көрнекті және қатардағы, белсенді және енжар, ақыл-есі дұрыс және кеміс деп бөлуге негіз бар; психологиялық теорияларда (Г.Джильберт, Б.Скиннер) біреулердің кереметтілігіне және екінші біреулердің қарабайырлығына түрткі болатын психологиялық қасиеттерге; психикалық-аналитикалық теорияларда (Фрейдизм, Э.Эриксон) нәпсіні тежей білу қабілетіне және билікке немесе басыбайлыққа үмтылуға; әлеуметтік-психологиялық теорияларда (Фромм, Г.Лассуэлл) әрбір адамның психолоғиялық ерекшеліктеріне, оның өмірінің әлеуметтік факторларына байланысты өзгерген мінез-құлықтың әртүрлі типтерін мойындауға; технократтық теорияларда (Дж.Бернхэм, Дж.Гелбрейт) өндірісті басқаратын және өздерінің тех. дағдыларының арқасында «техноқұрылымда» ерекше жағдайға ие адамдардың ұйымдастырушылық міндеттеріне; ғылыми теорияларда (Белл және басқалар) ғыл. білім факторларына және «постиндустриалды қоғамның» ғылымитехникалық және әлеуметтік дамуын айқындайтын жетекші күш ретінде ғалымдардың осы заманғы дүниеде атқаратын рөліне баса назар аударылады. Белгілі бір мәселелерді түсіндірудегі алуан түрлі өзгешеліктерге қарамастан барлық элита теориясы үшін: қоғамды әрқашан элитаға және бұқараға бөлетін адамдардың табиғи теңсіздігі туралы; ғылыми-техникалық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші ретінде элитаның кажеттілігі туралы; біреулердің сөзсіз үстемдік етуі және басқалардың бағынышты болуы туралы; көпшіліктің үстінен қарайтын билеуші азшылықтың толық құқылығы мен заңдылығы туралы; тарихи процеске ешқандай игі ықпал етпеуін былай қойып, өз бойына өркениет жетістіктеріне қарсы шығуы мүмкін «іріткі күштерді жинақтаған» бұқараның енжарлығы мен аморфтылығы туралы жорамалдар ортақ болып табылады.