(латынша emigrans, emigrantis – қоныс аударған ) - өзінің азаматтығы тіркелген елді немесе тұрақты тұратын елін тастап, басқа мемлекетке тұрақтап тұруға көшіп кеткен адам. 1966 жылғы Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінде өз елін қоса алғанда кез келген елді тастап кету жөніндегі əрбір адамның құқығы (яғни, Эмиграцияға құқығын) қарастырылады. Эмигранттардың жаңа əлеуметтік, мəдени ортада қалыптасуының, бейімделу барысының негізгі кезеңдері мынадай: а) эйфориялық, б) туристік, в) бағдарлаушылық, г) депрессиялық, д) іскерлік кезеңдер. Осы кезеңдердің əрқайсысы жеке адамның ерекшеліктеріне (типология, əлеуметтік мəртебе, білім деңгейі мен сипаты, біліктілігі, мамандығы, туыстық байланыстары, сана-сезімінің ерекшеліктері) орайлас болады. Эмигрант жеке санасы жеке адамның жағдайы мен өзіндік санасын айқындайтын объективті факторлардың (Эмиграция елі, тіл, экономикалық жəне құқықтық қорғалу деңгейі, мəдениет сипаты, эмигранттық ортаның этностық құрамы, жергілікті халықтың көзқарасы сияқты) белгілі бір жиынтығынан көрінетін əлеуметтік жағдайларға байланысты қалыптасады. Бұл объективті факторлар біркелкі əрі өзінен-өзі (автоматты түрде) əсер ете бермейді. Бұл əсер субъективті факторлардың əсер ету дəрежесіне байланысты болады, ондай факторлар қатарына мыналар кіреді: Эмигрант жаңа ортаға қосылу ниеті, осы үдерістің белсенділік дəрежесі, жаңа мəдени феномендерді игеру, ақпараттық оқшауланудан шығу, жаңа ортамен коммуникативтік байланыстар орнатуға ұмтылу жəне маргиналдық күйді еңсеру (қар. Көші-қон, Мигрант, Этностық көші-қон, Оралман, Репатриант).