lat: ENE
з а т. 1. э т н. Ерлі-зайыптылардың шешелерін білдіретін туысқандық атау.
Бұл кісі мына Шолпанның мамасы, менің енем деп таныстырды (Ә.Нұршайықов, Алтын.).
Қынай енесімен бірге тұрады ( М.Дүйсенов, Гүлжан.).
Енең болмаса да, инең болсын [Мақал].
Орынсызға сөз қатып,
Күнәға батпа, келіншек!
Байыңнан бұрын төсекке
Өзің жатпа, келіншек!
Үй басына қыдырып,
Өсек айтпа, келіншек!
Рас сөзді өзгертіп,
Жалғанға сатпа, келіншек!
Атаң, енең жұмсаса,
Бола көрме еріншек! (Ә.Найманбаев, Шығ.).
- Сауыр етіктің табаны талда болса,
Қырық кісінің ақылы ханда болса.
Сірә, еркіңе қоймаймын, жан енеке, Қайнымның тұрысын айт, әлде болса (Қозы Көрпеш.).
2. Аң, мал төлінің аналығы.
Енесін жақсы азықтандырған меринос қозылар есейгенде жүнді де көп береді (Шопан кітабы).
Мүмкіндігінше енесі жарытпаған қозыларға қой сүтінің орнына сиырдың уызын қолданса да болады («Лен. жас»).
Енесі тепкен құлынның еті ауырмас (Мақал).
3. к ө н е. Баланың анасы, шеше.
Алып туар енеден,
Ат туады биеден,
Сұрағаның дұрыс қой,
Сынағаның мақұл ғой.
Сіз деген сөзден, Меңлібай,
Сен деген сөзім жақын ғой.
Ежелден сенің ақынға
Құрдастығың батыл ғой (Бақтыбай ақын, Жел қобыз.).
Енеден екеуміз.
Бірақ екеуміз екі түстіміз.
Заты жат жаралған дегенің болмаса, менен Қамар артық (Д.Әбілев, Ақын.).
Тілеміс енеден қағына туып, он үш жасынан ұрлыққа араласады (С. Мұқанов, Аққан жұлдыз).
4. а у ы с. Асыраушы, өсіртіп-өндірген жеткізуші, өмір, азық көзі.
Ертіс даңқы елге аян. Ертіс - ен даланың ежелгі енесі (І.Жансүгіров, Әңгім.).