келін үшін ене – күйеуінің анасы, күйеуі үшін – әйелінің анасы ене болып саналады. Ол – анасындай тілектес, ақ ниетті адам, өмірлік тәрбиешісі, ақылшысы, қамқоршысы. Келін енесінің топырағынан жаралады, деген мәтел ене мен келін арасындағы ұқсастықтарға қарата айтылған болса керек. Қыз күйеуге шыққан соң енесінің тәрбиесіне түсіп ысылады және жаңа ортаға бейімделеді. Ене мен абысындар жаңа түскен келінге күйеуінің ағайынтуыстарына ат қоюына көмектеседі. Келген жерінің, отбасының қалыптасқан тәртіптерімен таныстырады. Дәстүрлі ортада қалыптасқан нормалар бойынша келін енеге әрқашанда құрметпен, сыйластықпен қарауы керек, алдынан кесе-көлденең өтпеуге, қарсы келмеуге тиіс. енесінің атын атамайды, тіпті енесімен аттастардың, аттары ұқсастардың да атын атамай, енем аттас деп сөйлейді. Сыйластық бұзылады деп, келін ешуақытта ата-енесінің төсегіне отырмайды. Дәстүрлі ортада ата-енесіне тілі тиген келінмен ешкім сөйлеспей, теріс айналатын болған. Бұл келінге қатты тиетіні анық, сондықтан басқа жастар ондай әдепсіздіктен қашық болуға тырысқан.