lat: ENSHİ
з а т. 1. э т н. Қазақ дәстүрінде бала үйленіп жеке үй боп бөлініп шыққанда, ата-ананың бөліп беретін мал-мүлкі, үлесі.
Дәстүр бойынша еншіні үлкен ата немесе әке, олар жоқ болса, ұлдың үлкені (аға) бөледі (ҚСЭ).
Қара шаңырақ пен ата-ана кенжеге қалады. Сүндетке отырған, жасқа толған кездерде немесе олжа, сүйіншіге деп бұрын аталып қойған мал-мүлік, әр баланың өз аққұласы аталып, енші бөлісінде есепке кірмейді (ҚҰЭ).
Еншіге үй жабдықтары да кіреді (ҚҰЭ).
2. а у ы с. Аласы құн, сыбаға, тиесі.
Нәсілі жеті-сегіз атаға жеткен Өсердің бір жұрағаты менмін, «отыз ауыл Өсер» дейді... Содан менің алмағым, үлесім, ортағым, еншім бар (М.Әуезов, Қараш.). Байдан әкеңнің аласысы көп, еншісін әпереміз, - деді ол (Т.Дәуренбеков, Біз кездес.).
Жаңыл сол жиналыста табандатып отырып бір-екі байдың тоқалына е н ш і бөлгізіп берді (С.Сарғасқаев, Көңілді бала.).
3. а у ы с. Құзыр, орындай алу міндеті, қабілетіне тәндік, құзыреттілік.
Жасаушы қиял адамдардың, суретшілердің еншісі деп қарапайым жұрт жориды (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Уақыт тынысын, дәуір келбетін асқан шеберлікпен айнытпай сомдау, заманның жүрек соғысын тамыршыдай тап басып, әртүрлі көркемдік тәсілдер арқылы жеріне жеткізе бейнелей білу де шынайы суреткердің еншісіндегі дүние («Қаз. әдеб.»).
Рақымжан бұл тапсырманың өз еншісіне неге тигенін сұрауға мұршасы болған жоқ (Қ.Қазыбаев, Дәуір.).
Ақтау, қаралау сіз бен біздің жеке еншіміз болмағанымен, ғылымның, қоғамның еншісі («Қаз. Әдеб.»).
4. а у ы с. Меншік, иелік.
Жүйрік жылқы – жұрттың еншісінде. Ертең Тілештен тағы біреудің алып кетуі ықтимал (Т.Әлімқұлов, Күрең өзен).
Ағымдағы жылдың басынан қыркүйек айына дейін Ресей экономикасына бағытталған 29 миллиард 135 миллион доллар шетел инвестициясының басым бөлігі Люксембургтің еншісінде екен («Егемен Қазақстан»).
5. а у ы с. Тағдыр, талай.
-interchange-newline">
Қайтем, тағдыр еншіме жаксылықты аз берсе (Ш.Құмарова, Қос шынар).