ЭПИЗОД-

lat: EPIZOD

(грек. - қоспа, үстеме) көркем шығармада өз алдына мәні бар, өзара байланысқан оқиға, шығарманың бір бөлігі, көрінісі. Әрбір Э. кейіпкердің белгілі уақыт аралығында өткен қимылын, ісін немесе құбылыстың аяқталған кезеңін баяндайды. Кейіпкердің мінез-құлқын ашып, оқиғаны ширата түседі. Романдағы «Қайтқанда» тарауындағы Абайдың елге қайтқан және Қодардың өлімін көрген сәттерін суреттеген көріністер бас кейіпкердің адамгерлік сипатын толықтыра түссе, соңғы Э. - Қодар өлімі Құнанбайдың тоң мойын қаталдығын одан әрі күшейтеді. Ал «Оқапта» деген тарауда суреттелетін ақтүтек, қарлы боран оқиғаны одан әрі дамыта түсуге себеп болады. Дүлей боранда адасқан Абайлар күтпеген жерден Тоғжан аулын кездестіреді. Бірақ қосыла алмай, арманда кеткен қос ғашық Абайдың қатты науқасқа тап болғанына налиды, ренжиді. Сөйтіп боран оларды әуелден-ақ бір-бірінен айырып жіберген қатал тағдырдың себебіне, рәмізіне айналады. Айта кететін нәрсе бір шығармада бірнеше Э. болуы мүмкін. Роман-эпопеяда мұндай Э-тар молшылық.