ЕРІКСІЗ

lat: ERİKSİZ

с ы н. 1. Еріктен тыс, амалсыз, шарасыз.

Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,

Әйтеуір тарқайтұғын уақыт жетті.

Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,

Еріксіз есті екеуін есер етті (Абай, Тол. жин.).

Дарбазаның айбыны да содан бір кейін емес, жоғарыдағы сонау заңғар маңдайшаға, шұрық-шұрық тесіктерге, діңгектей жұмырлап соққан алып босағаға, оның ішкі беттеріндегі көлденең сорайған дөңбектерге, қақ төбедегі түймедей салбыраған қола допқа еріксіз қарайсың, еріксіз бір айбын бойыңызды билейді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Түсі қашқан, көңілін қайғы басқан мұңды қыз келіп отырғаннан қанша сездірмейін десе де, еріксіз күрсініп жібергендігі байқалып қалды (М.Дулатов,Шығ.).

Мынадай күйкі көлікті көргенде, кісі еріксіз күледі екен (Қ.Жұмаділов, Қаздар.).

2. Өз келісімінсіз, ықтиярсыз, зорлап-қыстап.

Ұзын бойлы топырақты серпіп алысқа атады. Зордың күшімен тек еріксіз жұмыс қылып тұрғаны көрініп тұр (М.Жұмабаев, Шығ.).

Бай мен жарлы баласы аңға шықты,

Жалаң қағып жарап тұр аты мықты.

Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы,

Қуып барып еріксіз інге тықты (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қалың әскермен төңіректен еріксіз айдалып келген босқын жұрт қара өзеннің ағынына қарсы тосқауыл салып, жолын бөгеді (Ә.Кекілбаев, Дала.).

Еріксіз ел-жұртынан, туып-өскен жерінен айырылып, жат елге құлдыққа бару қандай аянышты (Ә.Шәріпов, Партизан.).

3. Басында еркі жоқ, басыбайлы.

Сен бір еріксіз құл едің.

Талантсыз туған сорлы едің.

Көп зарықтың, көп сарғайдың... (М.Дулатов, Шығ.).

Күң деп олжаға түскен еріксіз әйелді айтады (С.Қасиманов, Сиқырлы.).

// Басында еркі жок, басыбайлы адам.

Айдалып жүрген еріксізге бәрібір емес пе (Ә.Тәжібаев, Жартас).

4. а у ы с. Ерік-күші жоқ, жігерсіз, ынжық.

Ер еріксіз болса,

Ел көріксіз болар (Мақал).

Жоқ, Шәміл, Менің ойым бөлек еді,

Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...

Құл болған Махаббатқа менде ерік жоқ,

Еріксіз өмір маған не береді?! (М.Мақатаев, Шығ.).