сын. 1. Еріктен тыс, амалсыз, шарасыз. Сонымен бет-бетімен тарқап кетті, Әйтеуір тарқайтұғын уақыт жетті. Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін, Е р і к с і з есті екеуін есер етті (Абай, Тол. жин.). Дарбазаның айбыны да содан бір кейін емес, жоғарыдағы сонау заңғар маңдайшаға, шұрық-шұрық тесіктерге, діңгектей жұмырлап соққан алып босағаға, оның ішкі беттеріндегі көлденең сорайған дөңбектерге, қақ төбедегі түймедей салбыраған қола допқа е р і к с і з қарайсың, е р і к с і з бір айбын бойыңызды билейді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Түсі қашқан, көңілін қайғы басқан мұңды қыз келіп отырғаннан қанша сездірмейін десе де, е р і к с і з күрсініп жібергендігі байқалып қалды (М.Дулатов,Шығ.). Мынадай күйкі көлікті көргенде, кісі е р і к с і з күледі екен (Қ.Жұмаділов, Қаздар.). 2. Өз келісімінсіз, ықтиярсыз, зорлап-қыстап. Ұзын бойлы топырақты серпіп алысқа атады. Зордың күшімен тек е р і к с і з жұмыс қылып тұрғаны көрініп тұр (М.Жұмабаев, Шығ.). Бай мен жарлы баласы аңға шықты, Жалаң қағып жарап тұр аты мықты. Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы, Қуып барып е р і к с і з інге тықты (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Қалың әскермен төңіректен е р і к с і з айдалып келген босқын жұрт қара өзеннің ағынына қарсы тосқауыл салып, жолын бөгеді (Ә.Кекілбаев, Дала.). Е р і к с і з ел-жұртынан, туып-өскен жерінен айырылып, жат елге құлдыққа бару қандай аянышты (Ә.Шәріпов, Партизан.). 3. Басында еркі жоқ, басыбайлы. Сен бір е р і к с і з құл едің. Талантсыз туған сорлы едің. Көп зарықтың, көп сарғайдың... (М.Дулатов, Шығ.). Күң деп олжаға түскен е р і к с і з әйелді айтады (С.Қасиманов, Сиқырлы.). // Басында еркі жок, басыбайлы адам. Айдалып жүрген е р і к с і з г е бәрібір емес пе (Ә.Тәжібаев, Жартас). 4. ауыс. Ерік-күші жоқ, жігерсіз, ынжық. Ер е р і к с і з болса, Ел көріксіз болар (Мақал). Жоқ, Шәміл, Менің ойым бөлек еді, Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...Құл болған Махаббатқа менде ерік жоқ, Ер і к с і з өмір маған не береді?! (М.Мақатаев, Шығ.).