ЕРІНШЕК

lat: ERİNSHEK

сын. Мойны жар бермейтін кежір, жалқау. Шырақтар, ең құмарың осы болсын, «Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей. Құмарың бір, ісің көп болсын, жаным, Көпке құмар, е р і н ш е к болма мендей (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Е р і н ш е к етікшіден, елгезек масақшы артық (Мақал). Қайырсыз сараң малыңды, Е р і н ш е к есек жарыңды, Халыққа емес сыйымды Парақор баспақ биіңді, Ел Бұлдіргіш бегіңді Улы тілмен улаттым (Дулат Бабатайұлы, Замана). // Кежір, жалқау адам. Теңгеге телміретін е р і н ш е к т е р, Түспеген желектері келіншектер. Қайырмай қайын атасын, «ұялам» деп, Бет басып, сырт айналып, шегіншектер (М.Дулатов, Шығ.). Ер і н ш е к т і ң бір мінезі -еміншек (Мақал). Еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, е р і н ш е к атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұспан болды (Абай, Тол. жин. ). // Жалқаулық, еріншектік. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Е р і н ш е к, бекер мал шашпақ, -Бес дұшпаның, білсеңіз (Абай, Тол. жин.).