әбзел. Салт ат мініп жүру үшін қолданылатын жабдық. Көшпелі халықтың көне заманнан бері келе жатқан өнер туындысы. Жасалу техникасы мен сыртқы түріне қарай қазақы, қырғыз, орыс, шошақ бас, қоқан, үйрек бас, құранды, қозы құйрық, қазық бас, ашамай, қан бас Е. деп бөлінеді. Қазақтар арасына көп тарағаны — қазақы Е. Ол екі түрлі: 1) еркектерге арналғанының сүйегі жұқа, ықшам әрі жеңіл болады. Онша көп әшекейленбейді, жасалуына көп көңіл бөлініп, жете енделеді; 2) әйелдерге арналғанының сүйегі ауыр, әшекейі мол, алтын, күміс, асыл тас, сүйек, мүйізбен сәндендіріледі де, былғары, шұға, барқытпен қапталады. Әр руға тән Е-лер де бар. «Алты қанат, кестелі үйді ортаға ала жайғасқан бір топ үйдің бәрінің жанында үюлі ер-тоқым көп. Дағдылы еркек ер-тоқымдарынан көрі әйел мінетін қоқан ерлер молығырақ» («Жайлауда»).