ЕРТЕ

lat: ERTE

үст. 1. Таң сәріде, ертемен. Күзетшілер оянды е р т е ақырып, Шай алуға тұтқындарды шақырып. Бейшаралар уқалай көзін жүгірді, Тастаған ғой тізесін әбден батырып (М.Дулатов, Шығ.). Ер т е шықсаң, алдыңнан күн шығады; кеш шықсаң, алдыңнан түн шығады (Мақал). 2. Алдын ала, алдымен, күні бұрын. Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. Е р т е ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ (Абай, Тол. жин.). Жарлығына Алланың е р т е ойланған көнбекті. Олар да тірі қалған жоқ, Тірлік арты өлмекті (Абай, Тол. жин.). Мен өнердің күрең тайын мінгелі, Бір дамылсыз жүріп келем ілгері. Бұрылғам жоқ қыстағына мансаптың, Қарсы келген толқындарға қарсы ақтым, Содан, бәлкім, өзімді е р т е шаршаттым, Қазір мені үш топ адам қоршап тұр (М. Шаханов, Ғасырлар.). 3. Белгіленген, жоспарланған немесе әдеттегі уақыттан бұрын. Мыс бақырдан қолына алдыдағы, Лапкеге күндегіден е р т е барды (Абай, Тол. жин.). Е р т е туған қозылар мен кеш туған қозылар кейде бір отарға ұйымдастырылған жағдай кездесті (М.Неталиев, Үлкен жолдың). Кенет жаңбыр басталып, суық е р т е түссе, жер бетін қар басады, егін қардың астында қалады (І.Есенберлин, Көлеңке.).