ЕРТЕРЕК

lat: ERTEREK

сын. 1. Бұрынырақ, жылдамырақ, алдын ала. Мен -бір шал дүниеде жиһан кезген, Ертең түсте кетемін шаһаріңізден, Е р т е р е к пәлен жерден тосып тұрып, Алып қал бір базарлық, жаным бізден (Абай, Тол. жин.). Е р т е р е к келмедің деп несін ескертейін, ештен кеш жақсы да, (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.). Көрмедің ондай бақытты, Ол кезде елің жерлі еді. Көрмедің жақсы уақытты, Е р т е р е к, шіркін келмеді (Ж.Молдағалиев, Жиырма бес). Жаман болса алғаның, Жасумен өтер өмірің Бір шығармас жақсы атқа. Есің болса е р т е р е к Күнілгері күтініп Бөледен аулақ бас сақта. Екіталай жерлерде Адамға қайыр қылмайтын, Ақшаның татын жалаған Түспесін ісің ақымаққа (Базар жырау, Шығ.) 2. Уақытынан бұрын, мезгілсіз, ертелеу. Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, сол інісі ертерек өліп қалады (М.Әуезов, Әр жылдар ойлары). Орынсыз қызғанғаның Уақыттың өтері бар, е р т е р е к қыз баланың Есейіп кетері бар (А.Бақтыгереева, Өрімтал). Өсиет айту саған әлі е р т е р е к (М.Иманжанов, Менің махабб.). Пісіп қалыпты ғой, әлі е р т е р е к (Ғ.Мұстафин, Шығанақ). 3. Бұрынырақта, баяғыда. Е р т е р е к уақытта Біржан сал да Абаймен жүз көрісіп үлкен дос болған (М.Әуезов, Әр жыл.) Тұрады көзім алдында Түтіні шұбап ауылдың, Е р т е р е к кетіп қалдым да Елді де қатты сағындым (С.Жиенбаев, Әлия). Е р т е р е к кезде жақсы торсықтарды тарамыстан тіккен (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).