ЕСКІР

lat: ESKİR

е т. 1. Көнеру, тозу, өңі кету.

Ауыз үйдегі ескірген диванға шаршаған адамдай сылқ етіп отыра кеттім (З.Шашкин, Өмір.).

Жағынар опа-далап, түсті өзгертер,

Аппақ бет, бола қалар қызыл ерін.

Бес пальто, алты-жеті костюмі бар.

Ескірді деп тастаған оның көбін (Д.Еркінбеков, Шаншу).

Әйел басына шашақтары үзіліп, әр жері сетінеген көнетоз бөртпе шәлі салған, оның астынан милығына түсіре тартқан ескірген  ақ орамалдың шеті көрініп тұр (С.Жүнісов, Өшп. іздер).

Қырықта ер қайраты қонар жаққа,

Елуге келсе жасың - қондың таққа,

Белгісі кәріліктің - үйде отырған,

Ескірген бос сауыттай саудырлап та (Ақмолла, Күндер.).

2. а у ы с. Күні өту, уақтысы біту, ерсі көріну.

Әй, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп , бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу соларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ (Абай, Тол. жин.).

Жоқ, жоқ, жолдас ұрыспадым ешкіммен.

Бұл заманда ондай әдет ескірген.

Ұрыс, жанжал, қақтығысу, шекісу

Дегендерді білмей-ақ сол өстім мен (А.Шамкенов, Сырларым.).

Ақын бүгін де ескірмеген, ертең де көнермейтін керемет бір ой түйген (М.Әлімбаев, Өрнекті сөз.).

Тым ескірген  дау екен аяқсыған,

Жол табу қиын болар, сірә, бұған?! (Ж.Аймауытов, Шығ).

Ескіргенше жаңа жат,

Ақыл-есті бұйымбыз (Қабан жырау, Алтын қазық).

«Елу жылда ел жаңа» деп естіген біздер үшін бұл мақал да ескірген  сияқты (Ж.Молдағалиев, Шығ.).

3. а у ы с. Естен шығу, ұмытылу, еленбеу.

Арада бес ай өтіп, арыз ескіре бастағанда Сиркеев арызын қайта жаңғыртты (Б.Қыдырбекұлы, Ұрының еншісі).

Біздің тілмашымыздың бұдан үш-төрт жыл бұрынғы көрген-білгені ескіріп қалыпты (Т.Ахтанов, Үндістан.).

Нұркеннің ерлігі мен айбын-даңқын,

Жырлайды домбыра алып ауылда ақын.

Есімі ескірмесінен даланың,

Сөнбейтін алауындай лауылдасын (Партия тур. өлеңд.).

4. а у ы с. Қартаю, егде тарту.

Клеткалардың бөліну процесі күрделі организмнің жасы толған кезінде де бола береді, себебі оның көптеген клеткалары жануардың тіршілік ағымында ескіреді, тозады, өшеді (Т.Күлтебаев, Қой төлі.).

5. а у ы с. Тозу, жарамсыз болып қалу, құнарсыздану .

- Ескірсе, тозса жер таппайсың ба, тың жерді. Баянауылда үш Францияның жері бар, - деді Ковальчук мырс етіп (З.Шашкин, Сенім).

Сары қабақты қатаған сары көде ескіріп жүдеген кескінімен даланың ұзақ мұңды күйін еске түсіргендей болды ( М.Әуезов, Қараш.).

6. а у ы с. Былғану, дәмі бұзылу.

Сасыған не ескірген  судан адам сияқты егін де ауырады ( С. Мұқанов, Саяхат.).

Мен сендерге арнап балдай тәтті қызыл алмалардан жұлып қойып едім ғой. Ол ескіріп  кеткен болса тағы да жұлып әкелейін (Д.Исабеков, Қара шаңырақ).

Және колхоздың бір отар қойы осы арадан жақында көшті, суы ескіре қойған жоқ (З.Ақышев, Достарым.).

Науқас адамның асы мейлінше әртүрлі болып, ескірмеген азықтан даярлануы қажет (Ш.Көшербаев, Туберкулез).