ЕСКІР

lat: ESKİR

ет. 1. Көнеру, тозу, өңі кету. Ауыз үйдегі е с к і р г е н диванға шаршаған адамдай сылқ етіп отыра кеттім (З.Шашкин, Өмір.). Жағынар опа-далап, түсті өзгертер, Аппақ бет, бола қалар қызыл ерін. Бес пальто, алты-жеті костюмі бар. Е с к і р д і деп тастаған оның көбін (Д.Еркінбеков, Шаншу). Әйел басына шашақтары үзіліп, әр жері сетінеген көнетоз бөртпе шәлі салған, оның астынан милығына түсіре тартқан е с к і р г е н ақ орамалдың шеті көрініп тұр (С.Жүнісов, Өшп. іздер). Қырықта ер қайраты қонар жаққа, Елуге келсе жасың -қондың таққа, Белгісі кәріліктің -үйде отырған, Е с к і р г е н бос сауыттай саудырлап та (Ақмолла, Күндер.). 2. ауыс. Күні өту, уақтысы біту, ерсі көріну. Әй, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен е с к і р і п, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу соларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ (Абай, Тол. жин.). Жоқ, жоқ, жолдас ұрыспадым ешкіммен. Бұл заманда ондай әдет е с к і р г е н. Ұрыс, жанжал, қақтығысу, шекісу Дегендерді білмей-ақ сол өстім мен (А.Шамкенов, Сырларым.). Ақын бүгін де е с к і р м е г е н, ертең де көнермейтін керемет бір ой түйген (М.Әлімбаев, Өрнекті сөз.). Тым е с к і р г е н дау екен аяқсыған, Жол табу қиын болар, сірә, бұған?! (Ж.Аймауытов, Шығ). Е с к і р г е н ш е жаңа жат, Ақыл-есті бүйымбыз (Қабан жырау, Алтын қазық). «Елу жылда ел жаңа» деп естіген біздер үшін бұл мақал да е с к і р г е н сияқты (Ж.Молдағалиев, Шығ.). 3. ауыс. Естен шығу, ұмытылу, еленбеу. Арада бес ай өтіп, арыз е с к і р е бастағанда Сиркеев арызын қайта жаңғыртты (Б.Қыдырбекұлы, Ұрының еншісі). Біздің тілмашымыздың бұдан үш-төрт жыл бұрынғы көрген-білгені е с к і р і п қалыпты (Т.Ахтанов, Үндістан.). Нүркеннің ерлігі мен айбын-даңқын, Жырлайды домбыра алып ауылда ақын. Есімі е с к і р м е с і н ен даланың, Сөнбейтін алауындай лауылдасын (Партия тур. өлеңд.). 4. ауыс. Қартаю, егде тарту. Клеткалардың бөліну процесі күрделі организмнің жасы толған кезінде де бола береді, себебі оның көптеген клеткалары жануардың тіршілік ағымында е с к і р е д і, тозады, өшеді (Т.Күлтебаев, Қой төлі.). 5. ауыс. Тозу, жарамсыз болып қалу, құнарсыздану. -Е с к і р с е, тозса жер таппайсың ба, тың жерді. Баянауылда үш Францияның жері бар, - деді Ковальчук мырс етіп (З.Шашкин, Сенім). Сары қабақты қатаған сары көде е с к і р і п жүдеген кескінімен даланың үзақ мүңды күйін еске түсіргендей болды ( М.Әуезов, Қараш.). 6. ауыс. Былғану, дәмі бұзылу. Сасыған не е с к і р г е н судан адам сияқты егін де ауырады ( С. Мұқанов, Саяхат.). Мен сендерге арнап балдай тәтті қызыл алмалардан жұлып қойып едім ғой. Ол е с к і р і п кеткен болса тағы да жұлып әкелейін (Д.Исабеков, Қара шаңырақ). Және колхоздың бір отар қойы осы арадан жақында көшті, суы е с к і р е қойған жоқ (З.Ақышев, Достарым.). Науқас адамның асы мейлінше әртүрлі болып, е с к і р м е г е н азықтан даярлануы қажет (Ш.Көшербаев, Туберкулез).