lat: ESKERTKİSH
з а т. 1. Естен шығармау, ұмытпау мақсатымен берілетін белгі-сый.
Жігіт Қосанның ескерткішке сыйлаған қолғабын қойын қалтасының сыртын қайта-қайта басып-басып байқап қояды. Қыз белгісі денесін өртеп бара жатқан секілді (Б.Тәжібаев, Қараторғай).
Ескерткіш болсын - баланың атын Амантай қой. Сенен екінші өтінішім: мені қорғауға, ізденіп шығаруға шамаң келмейді (С.Мұқанов, Ботагөз).
Бұл – менің алыстағы досым берген ескерткіш - сыйлық қой (Б.Тоғысбаев, От пен күл).
2. ө н е р. Еңбегімен, ерлігімен аты шыққан даңқты адамдарды немесе тарихи уақиғаларды халықтың есінде қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды.
Астаналы Алматыға келген үлкен-кішінің Абай ескерткішіне бір қарайламай кететіні кемде-кем (С.Байжанов, Жастық.).
Жезқазған қаласының көрікті алаңдарының біріне қойылған ескерткіште алтын әріппен жазылған жазу бар (Ж.Дүйсекеев, Гүлденген.).
Осы тұрысында Нәлқара өзі туылған жердің белгісіз шоқысының басына қойылған белгісіз батырдың ескерткіші тәрізді еді (С.Бақбергенов, Қарға там.).
3. Ерте дәуірден қалған тарихи мұра, көненің көзі .
Мүмкін мына құмыра табылған жерден баяғы заманның тағы бір ескерткіштері табылып қалар (З.Шүкіров, Ғажайып.).
Қазақ халқының батырлар жыры, лиро-эпостық дастандары - ғажайып асыл мұра, атадан баласына қалған ғажайып ескерткіш (Ж.Молдағалиев, Сарыарқа.).
Әлекеңнің бұл көне дәуір ескерткіштері жайындағы әңгімесін тыңдап отырсаңыз, талай тамашаға қанығасыз (Ә.Жәмішев, Дала шұғыласы).