ЕСКЕРТКІШ

lat: ESKERTKİSH

зат. 1. Естен шығармау, ұмытпау мақсатымен берілетін белгі-сый. Жігіт Қосанның е с к е р т к і ш к е сыйлаған қолғабын қойын қалтасының сыртын қайта-қайта басып-басып байқап қояды. Қыз белгісі денесін өртеп бара жатқан секілді (Б.Тәжібаев, Қараторғай). Е с к е р т к і ш болсын -баланың атын Амантай қой. Сенен екінші өтінішім: мені қорғауға, ізденіп шығаруға шамаң келмейді (С.Мұқанов, Ботагөз). Бұл менің алыстағы досым берген е с к е р т к і ш -сыйлық қой (Б.Тоғысбаев, От пен күл). 2. ө н е р. Еңбегімен, ерлігімен аты шыққан даңқты адамдарды немесе тарихи уақиғаларды халықтың есінде қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Астаналы Алматыға келген үлкен-кішінің Абай е с к е р т к і ш і н е бір қарайламай кететіні кемде-кем (С.Байжанов, Жастық.). Жезқазған қаласының көрікті алаңдарының біріне қойылған е с к е р т к і ш т е алтын әріппен жазылған жазу бар (Ж.Дүйсекеев, Гүлденген.). Осы тұрысында Нәлқара өзі туылған жердің белгісіз шоқысының басына қойылған белгісіз батырдың е с к е р т к і ш і тәрізді еді (С.Бақбергенов, Қарға там.). 3. Ерте дәуірден қалған тарихи мұра, көненің көзі. Мүмкін мына құмыра табылған жерден баяғы заманның тағы бір е с к е р т к і ш т е р і табылып қалар (З.Шүкіров, Ғажайып.). Қазақ халқының батырлар жыры, лиро-эпостық дастандары -ғажайып асыл мұра, атадан баласына қалған ғажайып е с к е р т к і ш (Ж.Молдағалиев, Сарыарқа.). Әлекеңнің бұл көне дәуір ескерткіштері жайындағы әңгімесін тыңдап отырсаңыз, талай тамашаға қанығасыз (Ә.Жәмішев, Дала шұғыласы).