ЕСКЕРТПЕ

lat: ESKERTPE

(ремарка) (франц. remargue ескерту, белгілеу)–драматургтың пьесадағы оқиғаға қатысты кейіпкерлердің даралық қасиеттерін ашып көрсету үшін қажетті қосымша түсініктеме сөзі. Ескертпе іс-әрекет барысындағы кейіпкердің жасына, мінез-құлқына, киіміне, сонымен бірге оның, қимыл-қозғалысына, көңіл-күйіне, дауыс ырғағына тән толып жатқан өзіндік ерекшеліктерін белгілеп бере алады. Әрбір кейіпкердің мінез-құлқына, жүріс-түрысына тән, нақты түсініктеме беру арқылы оның өзгеге ұқсамайтын, ерекше кескін-кейпін айқын көзге елестету мүмкіндігі туады. Ескертпе сөзде актіге, көрініске, эпизодқа қатысты жайларға, кейде оқиға өтетін жерге, қоршаған ортаға, негізгі оқиғаға қатысты жағдайларға нақтылы сипаттама беріледі. Ескертпе сөздің мағынасы, сымбат-сыны драмалық шығарманың жанры мен стиліне сәйкес болады. А. Чехов символдық түрдегі сипаттау тәсілін қолданып, «Шиелі бақ» атты пьесасында: «Кенеттен дыбыс шықты алыстан. Түскеңдей болып аспаннан. Мұңды, үнсіз сол дыбыс, жабыса шыққан пернеге» деген ескертпе сөзді екі рет қайталайды. Ж. Аймауытовтың, «Қанапия мен Шәрбану» атты пьесасындағы оныншы көрініс алдында мынадай ескертпе жасайды: «Сазамбай аяғын қатты басса, әулиенің сілесіне қалатындай, аяғының ұшымен басып, ақырын келіп жүгініп отырды. Дуананың бата қылғаны да бір қилы. Екі білегін қоса созып, алақанын көкке жайып, көкке сермеп, басын салбыратып отырады. Сазамбайға бұда жат көрнеді, диуанаға мүлде дең қойып, қолын жаяды. Анда-санда диуананың күбірлеген дұғасы естіледі. «Яппаяз, яппай,яз» деп бір қояды. Сазамбай «илләки әумин» деп аузын толтырып, ерні қыбыр-қыбыр етеді». Ысмақова А.