ЕЗУ

lat: EZÝ

Ез етістігінің қимыл атауы.

1. Сұйық затпен араластырып еріту.

Онда биенің жас сүтінен кептірілген сүтті қайта езу арқылы жасалған қымыздың химиялық құрамын зерттеген (Қымыз.).

Қоректік зат бетінде азотобактердің шырышталған сан мыңдаған жасушасы өсіп жиналады. Осы шырыш қабатты сыпырып алып, жылы суда езу керек (Н.Жақанов, Микробтар).

Ащы құрт сусынға, сорпаға езуге ғана қажет (С.Мұқанов, Қазақ қауымы).

2. Сығу, жаншу, сығымдау.

Шырындық сұйық фитонцидтерді не сол өсімдіктерді езу арқылы алады, не оны суға салып қайнатып, тұнба түрінде алады (Т.Таубаев, Жасыл әлем.).

3. а у ы с. Бос сөйлеу, мылжыңдау.

Мақсат осыларды қайта мылжыңдап езу емес, осылардың түпкі тамырын, тудырған себептерін айқын ашып көрсету ( М.Қаратаев, Туған әдеб.).