Ес жоқ

lat: Es joq

а) Жастыққа, албырттыққа бой ұрған, масаң.

Соны күтіп жүрген Нағимада ес жоқ. Ауылдың бетке ұстар сұлуы еді бір кезде,- деді Уәсила (М.Гумеров, Хазірет.).

Берейін деген бендеге

Табиғаттың несі жоқ.

Болар-болмас нәрсеге

Көзіңді сатып жүретін,

Бозбала, сенің есің жоқ  (Ұ.Кәрібаев, Таңд. шығ.).

ә) Қуанышында не қорқуында шек жоқ; асып-сасулы, есі шыққан.

Жұмабай қарт пен Күлзипа шешейде бүгін ес жоқ  Қутың-қутың етіп күле береді (С.Жүнісов, Өшп. іздер).

Сәйгел қуған сиырларда ес жоқ, құйрықтарын шошайта, көздерін шатыната тырым-тырағай шапқылауда (Ғ.Мұстафин, Дауыл.).

б) Ой жоқ, қамсыз, қаперсіз.

Балта аулында ес жоқ. Ішерге тамағы болмай отырса да, ертеңге үміттене қарап, аштығын сездірмейді (С.Жүнісов, Жапанда.).