сөздің немесе морфеманың шығу тегін, тарихын зерттейтін тіл білімінің саласы. Этимологиялық зерттеулер тарих, этнография, археология, ономастика, топонимика сияқты ғылымдармен ұштастыра жүргізіледі. Ал бір сөздің Э-сын жан-жақты анықтау үшін генеалогиялык, фонетикалық, морфологиялық, семантикалық, этимологиялық принциптер қолданылады. Жазушы романда көптеген сөздердің шығу төркінін кейіпкерлер арқылы айтқызады. Олар сөз мағынасын жоба-долбар, сырттай ұқсастық жағынан түсіндіреді. Мұны ғылыми тілде «халықтың Э.» немесе «жалған Э.» дейді. Автордың бұл тәсілі дұрыс. Өйткені оның кейіпкерлері теориялық дайындығы мол, тәжірибелі тіл мамандары емес. Сондықтан осы қарапайым тәсілді әдейі қолданған. Мысалы, Абай әкесінің бір тапсырмасын жеткізу үшін Сүйіндік аулына барады. Сөз арасында Шыңғыс, Қарауыл атауларының түп төркінін сұрайды. «Шыңғыс» деген сөз «шын қыс» дегеннен, қысының қаттылығынан қойылған. Тауының - «Шыңғыс», биігінің «хан» аталғаны Шыңғысханның атына байланысты шыққан. Ал тауының «Орда» аталғаны да соның мекен еткен қонысын білдіреді. «Қарауыл» да сол кезден қалған ат деген тоқтамға келеді («Шытырманда»). Романда сөздердің шығу тарихына байланысты оқиғалар көп кездеседі.