(грекше philologia – ұнатамын, logos – сөз, сөзге құмарлық) – тіл мен әдебиетті зерттейтін ғылым. Ескі әдеби нұсқаларды зерттейтін ғылым ретінде көне дәуірде қалыптаса бастаған. Алғашқы топшылау, байламдар Гомер текстіне байланысты айтылған. Философиялық, логикалық, діни түсініктерден көп кейін пайда болғанмен, филология көне замандаақ өз алдына сынау, сын пікір ретінде қалыптасқан. Аристотельдің «Поэтика», Демокриттің «Поэзия туралы» еңбектері осыны дәлелдейді. Кейінгі замандарда ірі әдеби шығарамалардың пайда болуына байланысты филология да өркен жая берген. Кейінірек ескі әдеби нұсқаларды, ертедегі жазушыларды зерттейтін ғылым саласын классикалық филология деп атады. Қайта өрлеу дәуірі, ағарту кезеңі, жаңа тарих кезінде Данте, Шекспир, Гейне, Гете, Бальзак, Толстой, Пушкин, Тагор, бүкіл Шығыс өлкесіндегі Фирдоуси, Рудаки, Саади, Омар Хайям, Низами және Науаи сияқты кемеңгерлер туындыларына байланысты орасан бай зерттеу еңбектері пайда болып, бүкіл филология ғылымын ілгері дамытты. Орыс филологиялық ғылымын биік сатыға көтерген Ломоносов болды. Кейінірек Белинский, Чернышевский, Добролюбов сияқты ойшыл-сыншылар филология ғылымынын одан әрі өрістеуіне үлкен ықпал жасады. Филология ғылымының екі үлкен саласы тіл ғылымы мен әдебиеттану дараланып, кең арнаға түсіп, дамыды. Қазақ тілін, қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларын, өлең-жыр, дастандарды алғаш зерттеген Шоқан Уәлиханов секілді шығыстанушы ғалымдар болды. Қазақ филологиясын толық мағынасында дербес ғылым етіп қалыптастырған – Ахмет Байтұрсынов. Ол қазақ тіл ғылымының негізін салды, ұғымдарды, терминдерді жүйеге келтіріп, қалыптастырды. Сондай-ақ қазақ әдебиетін зерттеуге де үлес қосты. Қазақ әдебиетінде филологияның дамуы Абай мұрасын зерттеп, игеруге байланысты тереңдеді. С. Сейфуллин, М. Әуезов тағы басқа ақын-жаушылардың творчествосын зерттеу, бұрынғы тарих пен кеңес дәуіріндегі көркем әдебиеттің өсу зандылықтарын анықтау процесінде филология ғылымы ілгері басқаны даусыз. Филология ғылымы әдебиеттің өзіндік мәселелерін қарастырумен бірге, оның тілдік, сөздік ерекшеліктерін зерттейді. Қазақ әдебиеттану ғылымы бірнеше арнада өркендеп келеді. Әдебиет тарихымен қатар, әдебиет теориясы, әдеби сын саласында да жетістіктер баршылық. Қазір әдебиет тарихы түбегейлі зерттеле бастаған кезде әдебиеттану ғылымының алдында тұрған міндеттер бұрынғыдан салмақты, жауапты екені анық. Сонымен бірге тарихи әдеби процесті әлдеқайда толық, жанжақты сипаттап, талдау көрсетуге мол мүмкіндік туып отыр. Базарбаев М.