ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЛИРИКА

lat: Fılosofıalyq LIRIKA

Лириканың тақырыптың табиғатына, мазмұндық-идеялық тұрғыда жіктелуіне қатысты туған ұғым. Ф. л. Термині әдебиеттануда жиі ұшырасатындығына қарамастан, ол туралы дәйекті, тиянақты байлам жоқ. Сондықтан ф. л. термині кейде тым кең аяда болмыс, өмір, тағдыр жайын толғаған кез келген өлең-жырға байланысты қарастырылады. Бұл ыңғайдағы пайымдар жалпы поэзияның ойшылдық, сыршылдық сипатынан тамыр тартатыны байқалады. Ғалам сыры, тіршілік құпиясы, жазмыш жұмбағы, адамзат тарихының қай кезеңінде болмасын, ақындар мен философтарды бірдей ой азабына салған мәселелер. «Философия мен поэзия қарсы біткен екі заңғардың басында тұрғанмен, бір ғана жайт төңірегінде сөз қозғайды», деп жазады неміс философы М. Хайдеггер. Фольклорлық лирикамен қадым заман ақындарының туындыларынан ежелгі дүниетаным іздері бажайланса, ол философия мен поэзия арасындағы мәңгі бірліктің, сарындастықтың айғағы. Осы орайда көптеген көне философиялық еңбектердің өлең сөзбен жазылғанын (мысалы, Гесиодтың фил. дастандары, Ж. Баласағұнның «Құтты білік»), тұтас бір философиялық бағыттардың нақтылы поэтикалық шығармалардан («Илиаданың» әсерімен дүниеге келген гомеризм ағымы) бастау алатындығын да ескерткен жөн. Алайда «философемага» негізделген өлеңдердің баршасын бірдей ф. л.ға телуге болмайтыны түсінікті. Өлең рухынан әлемге, өмірге, адам тағдырына деген лирикалық көзқарастың көрініс табуы, жан толқынысынан хабар беретін лирикалық үн естіліп, болмыс мәнін, шындық елесін іздеген, мәңгілік сауалдарды өзінше қабылдап, өзінше жауап қайтаруға тырысқан лирикалық «Меннің» айқын сезілуі ф. л.ға хас айрықша нышандар ретінде танылады. Бұл белгілердің назарға алынбауы ф. л.ны дидактикалық, афористік, интеллектуалдық поэзиямен шатастыруға апарып соқтырады. Сонымен қатар бірқатар зерттеу еңбектерде ф. л. термині шектелуі мағынада да қолданылады. Қысқаша Әдеби энциклопедияда (М., 1972.7т.) ол тек антик дәуір әдебиетіне қатысты қарастырылса, енді бір әдебиетшілер (А.Павловский, В. Фалеев) аталмыш ұғымды белгілі бір философиялық ілімдермен ғана сабақтастырады. Еуропа мен орыс әдебиетінде ф. л. көне Греция мен Рим дэуірлерінен бері келе жатқан философиялық ағымдардың арнасында өркен жайды. Адам табиғатында қос негіз жан және тән бар дейтін идеяны қуаттайтын орфизм (фракциялық әнші, Күйшi Орфей туралы аңызға орай туған термин) менолимптік ілім гомеризм (Олимп құдайлары хақында егжей-тегжейлі жырлаған Гомердің есіміне байланысты) арасындағы ғасырдан-ғасырға ұласқан бағзы дау XVIIIXIX ғ. ғ. шегіндегі Еуропа поэзиясына тың серпін берді. «Кәрі дүние» бай) даналығынан нәр алған ф. л. жанрлық түр ретінде қалыптасып, сан алуан философиялық ойлардың, шарпысуынан туған тамаша үлгілерді дүниеге әкелді. Мұсылмандық Шығыста, оның ішінде түркі халықтары әдебиетінде ф. л. алғашқы нышандарын софылық поэзиядан аңғаруға болады. Қожа Ахмет Иассауидың, Әлішер Науаидың гуманистік тұрпаттағы туындылары өшпес даңққа бөленді, түркі лириктерінің ой-санасына әлденеше ғасыр бойы ықпал етіп отырды. Тәңірі нанымы мен исламның тоғысынан туындап, өзгеше сыңайда кемелденген халықтың философия аңғарындағы терең ойлы шығармаларға мейлінше бай қазақ поэзиясында қазіргі түсініктегі ф. л. Абай өнернамасынан басталады. Шығыс пен Батыс философиясын көп зерделеген Шәкәрімнің ф. л.сы, Мағжанның осы бағыттағы өлеңдері төл поэзиямызда ф. л. жазу үрдісінің біржолата орныққанын әйгіледі. Доскенов Ғ.