ХХ ғасыр философиясының ықпалды бағыты. Феноменологияның тура мағынасы құбылыстарды суреттеу, немесе зерттеу. Феноменология классикалық бағытқа айналуы Э. Гуссерльдің есіміне байланысты. Феноменология ұстанымдары бойынша, әлем дегеніміз әлемнің санада құбылуы. Зерттеушінің назары әлемге емес, әлемдегі заттарға емес, соларды ұғынудағы сананың әрекетіне аударылуға тиіс. Әлемнің санада құбылуы феномен деп аталады. Болмыс оның санадағы құбылуы ретінде алынғанда ғана біз нағыз танымға, таза ақиқатқа жетеміз. Сананың басты сипаты ретінде феноменология интенция саналады. Интенция дегеніміз сананың затқа бағытталуы. Егер жоғарыда санадан тыс болмыс жоқ десек, іс жүзінде таза сананың болуы да мүмкін емес. Сана тек бір нәрсе жөніндегі сана ретінде тірлік етеді. Заттың санада берілуі емес, сананың затты қабылдау нұсқасы қымбат. Міне, осыны түсінгенде ғана феноменологиялық редукция жасалады. Ондай жағдайда өзге әлемнің бәрі жақшаға шығарылып, зерттеуші оның санадағы бейнесімен ғана қалады. Осы бейнені зерделеу барысы интенционалдық талдау деп аталады. Мұндай талдаудың негізінде бір жағынан белгілі мағынасы бар сананың объектісі бөлінсе, екінші жағынан, құбылудың өзгермелі тәсілі, снаның өзгермелі нұсқалары дараланады. Бұл бір біріне тәуелді құбылыстарды Гуссерль ноэзис және ноэма деп атайды. Ноэзис – сананың интенционалды нұсқасы, ноэма – санаға өзгеріс енгізетін оның нақты мағынасы. Сөйтіп, феноменологиялық редукция арқылы сананың ноэтикалық және ноэматикалық құрылымын суреттеуге болады. Феноменология маңызды ұғымдарының бірі интерсубъектілік. Гуссерль феноменологиялық редукцияны үш түрге бөлген: психологиялық, әйдетикалық, трансенденталды. Осыған байлнысты феноменология зерттеудің үш дәрежесі бар: дескриптивтік, эйдетикалық және трансенденталды феноменология психологиялық редукция психикалық тәжірибенің таза нәтижелеріне арналған. Феноменология редукцияның бұл сатысында зерттеуші тәжірибе шеңберінде қалады. Эйдетикалық редукция жасалғанда феномендердің тәжірибеден тыс таза мағынасы зерделенеді. Бұл тәсіл қиялдың еркін нұсқалары деп аталады. Трансценденталды редукцияда субъекті мен объект бір біріне кірігіп, жаңа мағына жасайды. Шығармашылығының соңғы кезеңінде Гуссерль өмірлік әлем ұғымын енгізеді. Өмірлік әлем трансенденталды субъектіліктің жемісі. Әрбір тұлғаны қоршаған орта қалыптастырса, жеке субъектіні тану аз, оны өмірлік әлемімен бірге тұтас зерделегеніміз жөн.