(франц. fetіche – тұмар, қасиетті күш бар зат) – көбінде алғашқы қауымдық құрылыс, архаикалық мәдениетіне тән жансыз заттарға қасиетті деп табыну. Фетиштер арқылы рухани киелі күштер әрекет етеді, қамқорлық көрсетіп, қорғап қоршайды деген түсінік алғашқы адамзаттың мифологиялық-синкреттік санасына сай туындаған болатын фетишизм ретінде әрбір затты қарастыруға болады, тек ол үшін сол затқа өзіндік қуат-күш берілсе болғаны. Егер затқа адамша сөйлеп, жалбарынып, табынып, одан бірдеңе сұрап қатынасқа түсетін болса, онда біздің көз алдымызда фетишизм тұр деп білуіміз керек. Фетиштер адамзаттың «балалық шағының» бір көрінісі, өйткені қоршаған ортаның көп қыр-сырын түсіне білмеген алғашқы аталарымыз үшін табиғатта, өмірде кездесетін заттардың өзіне де айрықша сиқырлы ғажайып күш телінген. Сөйтіп, соқыр сенім объектісі – фетиштер арқылы адам табиғат күштеріне билік етіп, оларды адамдардың айтқанына көндіруге болады деп түсінген. Фетишизм Батыс Африкада бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Ал енді фетишизм элементтерін бүкіл дүние жүзіндегі мәдениеттерден кездестіруге болады. Мысалы, әлемдік діндердегі – Иконаларға табыну (христиан діні), қасиетті «баспалдақтарға» сыйыну (буддизм), «қара тасқа» ғажайып күш ретінде қарау (мұсылмандық); өмірде – капитал өз-өзінен, еңбекке байланыссыз өседі, байлық байлықты өзіне тартады деп ақшаға, алтынға бас ұрушылық түрлері; өкімет құдіретіне, саяси мекемелерге, идеологиялық ұрандарға мойынсыну т.б. – фетишизмнің түр көріністері.