lat: GýmanısİK Psıhologıa
XX ғасырдың 60 ж. батыста пайда болған және психологияның негізгі пәні жоғары көріністерінде, құндылықтары мен мағыналарында қарастырылатын адам болуы қажет деп есептейтін психология бағыттарының бірі. Гуманистік психология көрнекті өкілдері – А.Маслоу, К.Роджерс, Г.Олпорт. Гуманистік психология мынадай негізгі қағидаларын бөліп көрсетуге болады: адам өзінің біртұтастылығымен зерттелінуі қажет; әрбір адам қайталанбас тұлға; адам дүниеге ашық болып келеді, адамның дүниені және өзін-өзі дүниеде сезінуі басты психологиялық ақиқат болып табылады; адам өмірі тұлға болмысы қалыптасуының бірыңғай процесі ретінде қарастырылуы қажет; адамның бойында оның табиғатының бөлшегі болып табылатын үздіксіз дамып жетілуге және өзін-өзі танытуға деген күш-қуаты болады; өзінің шешімдері мен әрекеттерінде басшылыққа алатын мағыналар мен құндылықтардың негізінде адамның сыртқы түрткі күштерден белгілі бір тәуелсіздік дәрежесі болады; адам – ол интенциялы, белсенді, жігерлі, шығармашылық жан.
Гуманистік психология өкілдерінің тұжырымдарының көбі орынды болғанымен, соңғы тұжырымдарында олар тұлғаның әлеуметтік ортадан тәуелсіздігі жөнінде бұрыс пікірде болған. Бұл адам психикасының мәдени-тарихи шарттылығы идеясына қайшы келді. Гуманистік психология психология ғылымының саласы, адамды жоғары рухты, алдына өзін жетілдіру мақсатын қойып, соған жетуге ұмтылыс жасайтын тірі жан ретінде қарастырады.