Ұлттық, нəсілдік немесе діни белгілеріне қарай кемсітілген адамдарды оқшау тұрғызуға немесе қоныстандыруға орта ғасыр дəуірінде қаладан арнайы бөлінген аудан. Гетто формасында қоныстандырудың алғашқы тəжірибесі 1280 жылы Мароккода жүзеге асырылған. Еврей тұрғындарының санын өсірмеу мақсатында осы орамдардағы үйлердің санын шектеген. 16 ғасырда еврей геттолары Батыс жəне Орталық Еуропа елдерінде кеңінен таралады. Ескерте кету керек, орта ғасырларда еврейлердің ықшам қоныстануы, кəсіби немесе діни топтың əрқайсысы оқшау тұруға ұмтылған жəне бұл сол дəуірдің корпоративтік рухына əдеттегі жағдай болған. Алайда 14-15 ғасырларда еврей геттолары күштеп жасалды. 1555 жылы Павел IV Папа шығарған буллаға сəйкес барлық Папа жерлеріндегі еврейлер дуалмен қоршаулы арнаулы орындарға біржола қоныстануға тиіс болды, олардың гетто шекарасынан түнгі уақыттар мен христиан мерекелері кезінде шығуға хақылары жоқ болатын. Қоныстардың ішіндегі тұрмысты раввиндер реттеп отырды. Геттолардың осындай тіршілік режимі Италияда, Германияда, Чехияда, Польшада, Литвада орнады. Ең ірі геттолар Римде, Венецияда, Майндағы Франкфуртте, Прагада болған. Халықтың өсуіне қарамастан, геттоның аумағын кеңейтуге рұқсат берілмеді, осының салдарынан халқы тым көп еврей орамдары антисанитариялық ахуалға тез ұшырайтын. Еуропадағы еврей геттоларының жүйесі Наполеон соғыстары кезеңінде күйреді. Франция Императоры жаулап алған елдерінде адамды діни белгілері бойынша дискриминациялауға жол бермейтін азаматтық құқық жүйесін орнатып отырды. Еуропадағы соңғы гетто – Римдегі гетто – тек 1870 жылы ғана жабылды. 1939-45 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер Шығыс Еуропадағы басып алған қалаларында еврей геттоларын құрған. Шын мəнінде, бұлар тұтқындары жаппай дерлік қырылған өзіндік концлагерлер еді. Мұсылман елдерінде еврейлердің қалалық ықшам қоныстары 20 ғасырда Израильге жаппай көшу кезіне дейін болған. Қазіргі кезде кейде «гетто» сөзі аз ұлттар тұратын қала аудандарын атау үшін қолданылады, бірақ көбінесе бұл сөзбен жақсарудан үміт жоқ, адам төзгісіз тіршілік жағдайларындағы кедейлер тұратын қала аудандарын да атайды (қар. Апартеид, Ұлттық антагонизм, Дискриминация, Сегрегация, Ксенофобия)