Говор

lat: Govor

шағын аймаққа таралған, диалектіге кіретін тілдің бір бөлігі. Говорға тән грамматикалық, семантикалық, фонетикалық ерекшеліктер бірнеше ауданды не облысты қамтиды. Мысалы, піскен-пысқан (фонетикалық ерекшелік), үйлер-үйдер (грамматикалық ерекшелік), шара- леген (семантикалық ерекшелік). Говорлар жергілікті және ауыспалы болып екі топқа бөлінеді. Жергілікті говорлар басқа тілдердің әсерінен тыс жергілікті аудандардың өзінде пайда болады. Мысалы, ащы бұрыш кеміл дәрі. Ал ауыспалы говорлар тілдегі диалектілердің не шектес тілдердің аралығында қалыптасады. Мысалы, қалақ акандоз (өзбек тілінен енген). Бұл екі топтан басқа өзге тілдік ортада қалыптасқан аралас түрлері бар. Бұған қазақ халқы шоғырланған басқа мемлекеттердегі (Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және т.б.) қазақтардың тіліндегі говорлар жатады. Говорлар ауызекі сөйлеу тілінде қолданылғаны болмаса, әдеби тіл нормасына енбейді. Алайда, көркем әдебиетте кейіпкердің портретін сомдау барысында говорларды кейіпкер тілінде қолдану әдеби тіл нормасынан ауытқу болып саналмайды.