(бестік, бес дастан деген мағына береді),– Шығыс әдебиетінде, соның ішінде түркі тілдес халықтар әдебиетінде ертеден орныққан дәстүр бойынша бір-бірімен жалғас, сабақтас жазылатын бес дастан тұтас бір кесек туынды деп саналады. Бұл дәстүр Низамидан басталған. Оның «Хамса» деген атпен кейінірек біріктірілген бес дастаны мыналар:«Құпиялар қоймасы», «Хосроу-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті сулу», «Ескендірнама». Бірінші дастан ғибратты шығарма, баяндаудан гөрі өсиетті сарыны басым келеді. Онан кейінгі үш дастанда әр қырынан ғашықтар тағдыры баяндалады, алғашқы екеуінде махаббатың қуанышы, қайғысы парасатпен байыпты түрде айтылса, үшіншісінде махаббат тақырыбы жеңіл күлкі араласқан, әзіл-қалжың тұрғысынан сөз болады. Бесінші дастанда ақын ғибраттылық сарынға қайта оралып, атақты қолбасшы Ескендірдің ерлігін, шапқыншылық жорығын кейінгіге өсиет етіп айтады, адам ел шауып, қанша қазына жинаса да, о дүниеге ештемені алып кетпейді деген ой түйеді. Бұл дастандар әр кезде жазылғанмен, тақырыбы, мазмұны жағынан бірін-бірі толықтыра түседі, өзара тығыз байланысты келеді. Өлең өрнегі де бірдей. Шығыстың бір алуан ақындары осы үлгі бойынша бес дастан жазуды машыққылған. Дастандарды негізінен белгілі тақырыпқа құрып, дайын сюжетті өзінше өрнектеп, өзгеше шеберлік танытуға тырысқан. Кейінгі ақындардың өзіннен бұрынғы ақындар қалдырған нұсқаны өзіне үлгі тұтып, олармен өнер өлшесіп, поэзиялық жарысқа түсуі әдеби дастүр болып қалыптасып, оны назира деп атаған. Осындай хамса жазған ақындардың ішінде Үндістанда өмір сүрген әмір Хүсырау Дехлеуи және атақты ақын Әлішер Науаи бар. Науаидың «Хамса» деп атап топтастырған дастандары: «Фархад-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Сопылардың әбігері», «Жеті қарақшы», «Ескендірдің қорғаны», яғни негізгі тақырыптары Низами дәстүрімен тікелей жалғас келеді. Күмісбаев Ө.