(әдеби характер)–көркем шығармадағы кейіпкердің мінез-бітімі, ой-сезімі дүниесіне тән психологиялық, моральдық сипат ерекшеліктері. Әдеби характер адамның өмірдегі мінез, қимыл-әрекет өзгешеліктерін жинақтап, екшеп, типтік дәрежеге көтеріп, сомдап бейнелеу арқылы жасалады. Сондықтан оны жекелеген қасиет-сипаттардың қосындысы деп санамай, солардың бірлік біртұтастығы, синтезі деп қараған жөн. Реалистік қаһарманға тән характерді алдымен қалыптасу, өзгеріп-өрістеуі тұрғысынан алып түсіну, бағалау орынды, және осыған қоса оның өз ішкі диалектикасы болатыны да ескерілу қажет. Характер белгілі қоғамдық жағдайда қалыптасады, сол ортаға, өз уақытына сәйкес болады. Адамның мінез-құлқы, оның әрқилы кездерде, әсіресе адамшылық қасиеттер сынға түсетін екідайда өзін қалай ұстап, қандай әрекет ететіні ой-өрісіне, сана-сезіміне байланысты. Осыған орай әдеби шығармада характер күрес-тартыс үстінде, кейіпкердің іс-әрекеті, ой-ниеті, мақсат-тілегі арқылы көрініс тауып, анық танылады. Кейіпкерлердің, бір-бірімен қарым-қатынасы олардың характерлерін барынша толық аша түседі. Әдеби кейіпкердің характері шығармада оның, іс-әрекеттерін суреттеу арқылы, психологиясы, жандүниесі тікелей бейнеленуі, яғни мінез арқылы айқындалып, сондай-ақ, сырт-сымбатын, бой-тұлғасын, бет-әлепетін, сөйлеу ерекшелігін көрсету, яғни жанама мінездеу арқылы жан жақты ашыла түседі. Ахметов З.