lat: HATYM
(ар. хатм ختم) – аяқтау, бітіру, тауысу.
Хатым құран – тура мағынасы құранды бастан аяқ оқып бітіру дегенді білдіреді, мәтіндерде өлгендерге құран оқып, бағыштау деген ұғымда жұмсалған.
Әһлі ислам һәр шаһардағы қаза қылды, Оқысып хатым Құран , мал сарп қылды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).
Хатым Құран қылдырды жүрер күні, Халил, Ысқақ, Ысмағұл бабасына («Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).
Хатым Құран қылдырып рухтарына, Зияратты жеріне дәпіндетті («Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).
Енді Абдулуаһап сахабаны қайғы қылды, Хатым Құран оқытып, мал сарп қылды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).
Хатым қылу – аруақтарға құран оқу, құран бағыштау.
Омар мен Әбушахма, шаһариарлар, Мәсжидте хатым қылып жатыр еді («Қисса Әбушахма». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).
Өлгенге хатым қылғызып, Шариғат ісін жүргізіп, Көркейтіп дінді безеткен! («Мәшһүр-Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).
Сағынып Пайғамбарды шаһариарлар, Үйінде тарқаушы еді хатым қылып («Қисса Әбушахма». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).