lat: HELAL, HALAL, ALAL –
(пар. хелил حليل) – жар, жұбай, қосақ, зайып.
«Біреудің хелалына жамандық ойласаң, өз хелалыңа әркім жамандық ойлар» (Дала уалаятының газеті. 1895).
Әй, халалым , өсиет есіт менен, Мен өлген соң бір бала туар сенен («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).
Мұрат Салық – халалым, ерім менім, Түркістан шаһарым болар жерім менім («Хикаят Марғұба қатын». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).
Пенде айтар қатынына: – Ай, халалым ! Дүниеде бір сен едің жан берерім! («Жан иесі өліп, ғарасатқа тіріліп, Ғазазіл ан хазірет илан үмбеттеріне таласып, имам Ағзам илан имам Шафқа жүгінгені». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).
Сіздерге арыз өтіндім, Атам-анам менен халалым («Хикаят Сәлімжан». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).
Хасеннің халалына көңілі толды, Шаһзада пері, адамға патша болды («Қисса Мәлік Хасен». Бабалар сөзі. 9-том. 2004. 100 томдық).
Халалың қаза тапты қасыңдағы, Шамшырақ сөнді жанған басыңдағы («Қисса үш қыз». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).
Әуелгі уәдемде тұрам, – деді, Мен саған халал болдым алсаң, – деді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).
Алалым , өзің келмесең, Мынау қыз жазым қылады («Қарқабат». Бабалар сөзі. 3-том. 2004. 100 томдық).
Жәдігер деп қойыңдар, Ұл қылып тапса алалым («Қисса Алпамыс». Бабалар сөзі. 34-том. 2006. 100 томдық).
Көзіңнің қырын сала жүр, Көрмесін қорлық алалым («Қарқабат». Бабалар сөзі. 3-том. 2004. 100 томдық).
Халалдыққа алу – әйелдікке алу.
Ақыры шаһариарының – батыр Ғалы, Алыпты халалдыққа Фатиманы («Хадишадан соң Ғайшаны алғаны». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).
Бізбенен еріп барып дәріс оқың, Алыңыз бізді қабыл халалдыққа («Қисса үш қыз». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).
Бірнеше күн ғишрат құрып жүріп, Құдай қосса, халалдыққа алар , деді («Қисса Дандан». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).
Диюларды өлтіріп патшасымен, Нәркесті халалдыққа аласың сен («Қисса Дандан». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).
Халалдыққа сұрау – әйелдікке сұрау.
Ханға жаршы салдырып, Таминадай сұлуды, Халалдыққа сұрады («Рүстем-Зораб». Қисса-дастандар, 1986).
Хатымтай ғейіш-ғишрат ол түн қылып, Ертең қызды сұрайды халалдыққа («Хикаят дастан Хатымтай». Бабалар сөзі. 4-том. 2004. 100 томдық).
Халалына қосылу – жарына қосылу.
Халалыңа қосылып, Бір тілекте жар-жар-ай («Гүлкәшимә». Дастандар, 1960).
Халалдық некаһ илә кіргізу – некелі әйел ету.
Азуаж матхараттың замрасына, Халалдық некаһ илә кіргізуге («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).