өлең-жырды тұтқиылдан суырып салып айту өнері. Ауыз әдебиетінде, өлең-жырды ауызша шығару айтуға байланысты үлкен өріс алған. Ауыз әдебиетінде өлеңді табанда суырып салып айтатын қабылеті жоқ адамды нағыз ақын деп санамаған. Импровизаторлық өпер қазақ ауыз әдебиетінің, поэзияның ең басты өзгешеліктерінің бірі. Бұл өнердің әсіресе жарқын көрістің үлгісі – ақындар айтысы. Шынайы биік өнер болып саналатын айтыс табанда суырып шығарып айтатын ақындардың сөз сайысы. Біржан мен Сараныц айтысы – импровизациялық өнердің озық үлгісі. Импровизациялың төркіні халықтың ауыз әдебиетінде жатыр. Ежелгі гректің, Шығыс және Еуропа елінің жыршы ақындары импровизациялық өнерден кенде болмаған. Бірақ бұл өнер жазба әдебиеті ерте дамыған елдерде сақталмаған. Жазба әдебиетіндегі өлеңді бірден дайындықсыз шығару да экспромт, импровизиция деп аталды. Алайда оның сипаты басқаша. Бұл аса қуатты шабыты келген кезде ақынның өлеңді төгіліп жазып кетуі, әзірліксіз мүдірмей шығарып айтуы түрінде кей-кейде кездеседі. Үнемі қолданылатын негізгі өлең шығару тәсілі емес. Ауыз әдебиеті дәстүрлері үзілмей сақталып келген қазақ поэзиясында импровизаторлық өнер халық сөз өнерінің бастау көзінен нәр алып, қанат жайып, бүгінгі заманға келіп ұласты. Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей, Орынбай, Нартай Бегежанов, Иса Байзақов суырып салып жырлау дәстүрін өркендеткен ақындар еді. Дастан, поэмаларды, кесек тұлғалы жырларды табанда шығарып айтуға шебер қазақ ақындары алдына жан салмайтын. Олар айтыстың да майталман, үздік шеберлері болған. Суырып салып айтатын ақын-жыршы тыңдаушы көпшіліктің қошеметінен күш алады. Импровизатор ақын бұл өнерге талай аспаптың сүйемелімен, додалы айтыс жиындардың тезінен өтіп барып төселеді, жүре машықтанады. Уақыт өзгерген сайын импровизацияның мазмұны, мәні де өзгеріп, құбылып отырады. Суырып салып жырлауда «Құралай сұлу», «Ақбөпе», «Алтай аясы» поэмаларын қалдырған Иса Байзақовтың ересен жүйріктігін ел аңызға бөлеп айтады. Музыка зерттеушісі А. В. Затаевич пен жазушы Н. Анов Иса жөнінде жақсы айтып кеткен. Күмісбаев Ө.